Бос қалған мектептердің жағдайы қалай болмақ?
Шығыс Қазақстан облысының ауылдарындағы мектептердің үштен бір бөлігі бос жатыр. Бала азайып жатқан ауыл мектептері сол беті қаңырап қала ма?
Жалпы қазір Шығыс Қазақстанда 655 мектеп бар. Оның ішінде 155-і қалалық мектеп болса, 500-і ауылды жерде орналасқан мектептер. Яғни, мектептердің басым бөлігі ауылдарда орналасқан. Оның үстіне, ауылдағы мектептердің көбі - шағын комплектілі мектептер. Мұндай мектептердің саны 350-ден асады.
Десе де, ауылдағы мектептердің біразы қаңырап бос жатқаны ешкімге де беймәлім емес. Облыс әкімі Даниал Ахметовтің өзі де ауылдағы мектептердің 30%-ына, яғни, үштен бір бөлігіне бала жетпейтіндігін айтады. Аймақ басшысы атап өткендей, шын мәнінде мектептерге бала жетпей жатқан жоқ, керісінше, қаражат пен үнемділікті ескермеудің, ғимараттарды тиімді пайдаланбаудың кесірінен мектептер қаңырап жатыр.
- Бір жылдары ауыл-ауылда мектеп салу «мода» болып кетті. Ауыл әкімдері бірінен кейін бірі мектеп сала бастады. Алайда оның экономикалық тиімділігін ешкім талдап жатпады, жүйелі, ақылға қонымды ұсыныс жасамады. Ауылдағы мектептердің тозығы жетті деп шетінен жаңа мектептер тұрғыза бердік. Бірақ бұл қаржы жағынан мүлдем тиімсіз екендігін ешкім ескермеді. Мәселен, кейбір ауылдарға мектеп салмай-ақ, оның оқушыларын көрші ауылдың мектептеріне апарып оқыту әлдеқайда үнемді болар еді. Оның үстіне, салынған мектептердің көбі зәулім, кең. Алайда бала саны аз, - дейді облыс басшысы.
Ауыл әкімдерінің бір-бірімен жарысып неге мектеп салғаны да бір жағынан түсінікті жайт. Бір жағынан, ауылын өркендетудің амалы десек, екінші жағынан, қазына қаржысын жымқырудың да айласы болатын. Өйткені ауылда бала азайып жатқаны бәріне де белгілі әрі азайған баланың қайта тола, туыла қоюы да екіталай екені рас. Бірақ сонда да мектеп салынды. Жоба мейлінше "зәулім" болған сайын, кетіп "жейтін" қаражаттың да сомасы үлкейе түспек.
- Ауылымызда бес жыл бұрын зәулім, екі қабатты мектеп салынды. Бірақ іші бос, екінші қабатында балалар оқымайды. Үлкен мектепті жылытудың өзі әуре. Ұзаса, алпыс шақты бала ғана оқиды. Ескі мектептің тозғаны рас, бірақ іші жылы, балаға лық толы еді. Көрші Жаңаауыл мен Сарыөлең ауылының да мектептері сондай үлкен, - дейді Тарбағатай ауданының Бозша ауылының тұрғыны Мұратбек.
Ауыл алақандай болса да, мектебі Астананың ғимараттарындай алыстан дөңкиіп көрінетін ауылдардың көрінісі қаншама адамға таныс. Ауылдың өзі қирап жатса да, мектебі әдемі. Бірақ жақындай қалсаңыз, мектептің сырты бүтін болғанымен, іші қаңырап жатқанын аңғарасыз. Енді мұндай алып ғимараттардың жағдайы қалай болмақ?
- Соңғы жылдары облыстың Бесқарағай, Катонқарағай, Көкпекті және Күршім аудандарында оқушы саны азайғаны байқалады, - дейді ШҚО Білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Байжанова.
Жоғарыдағы сұрақ қазір облыс басшылығын да біршама алаңдата бастағаны байқалады. Өйткені Даниал Ахметов те жартылай бос жатқан мектептерді тиімді пайдаланудың жолдарын қарастыруға ден қоя бастады.
- Әр нәрсеге жүйелі түрде келу керек. Мәселен, 1-6 жастағы бүлдіршіндерге балабақша жетпейді деп сараптама жасайтындар бар. Бірақ облыстағы 3-6 жастағы балалардың барлығы балабақшамен қамтылған ғой. Жас аналар балаларын бір жастан бастап балабақшаға жібереді деп ойламаймын. Сондықтан бұл жерде сұранысқа қарау қажет. Сол сынды ауылдағы мектептерді де салар алдында, сұранысқа мән беру керек болатын. Енді бұл мектептерді тиімді пайдаланудың жолдарын қарастыруымыз қажет, - дейді Даниал Ахметов.
Ауылда салынған мектептердің көбі бос қалып жатқанын түсінген аймақ әкімдігі соңғы жылдары тек мектепке аса мұқтаж аудандарда ғана білім беру мекемелерін сала бастады. Мәселен, халқы көп Семейде екі мектеп, Аягөз бен Үржарда бір-бір мектептен салынды. Тарбағатайдың Ақжар ауылында мектептер жеткілікті болса да, екі мектеп апатты жағдайда тұрғандықтан, 600 балаға арналған тағы да бір зәулім ғимарат салынды. Десе де, Ақжардағы мектепке бала толатындығына аймақ басшысы үлкен күмән келтірген болатын. Ал биыл Өскемен қаласында екі мектеп салынып бітеді деп жоспарланып отыр.
Сонымен, ауылда бос қалған мектептердің жайы қандай болмақ? Әзірше, бұған айтар облыстық білім беру басқармасының жауабы жоқ. Бірақ бастауыш сынып оқушыларының санын 5-тен 15-ке дейін көбейту арқылы мектепті сақтап қалудың амалын жасап жатыр.
Одан бөлек, мектептің жартылай бос қалған ғимаратын бөлек мекеме ретінде құру туралы да ұсыныстар бар. Мәселен, кейбір аудандар мен ауылдарда әлі күнге дейін мәдениет үйлері мен спорт кешені жоқ екендігі белгілі. Енді бос қалған ғимараттан мәдениет үйлері мен спорт кешендерін ашу туралы ойлар бар. Дегенмен, бұл ұсыныстың қаншалықты тиімді екендігін тек уақыт қана көрсетпек.