ШҚО-да 500-дей полиция қызметкері қысқартылады
Шығыс Қазақстан облысында 500-ге жуық полиция қызметкері қызметінен қысқартылмақ
Алдағы уақытта құқық қорғау жүйесінің оңтайландыруына байланысты облыстық полиция қызметкерлері өздеріне тиесілі емес міндетті атқармайтын болады.
- Бүгінгі күннің талаптарына жауап бере алатын, сауатты, тиісті заңгерлік білімі бар қызметкерлер ғана ішкі істер органдарында қалады. Жолдауда айтылған оңтайландыруға сәйкес, ШҚО ІІД-нің жеке құрамындағы 5 мыңнан асатын қызметкердің 10 пайызы, яғни, 500-ге жуығы жұмысынан қысқарады. Ең алдымен басқарма қызметтері мен аралас функцияларды атқаратын біріккен қызметтер қысқарады. Жергілікті тұрғындармен жұмыс істейтін қызметкерлер орнын сақтап қалады, - дейді ШҚО ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасы басшысының м.а. Айгерім Нұрғазина.
Маманның айтуынша, қызметкерлердің қысқартылуы бойынша жоба Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен дайындалып жатыр. Десе де Айгерім Қамзақызы мұндай санды тек болжам ғана дейді.
Департаменттегі оңтайландыру 15-20 желтоқсанға дейін аяқталып, жолдауда айтылған негізгі міндеттер келер жылдың басынан іске аса бастамақ. Қысқартудан түскен қаржы есебінен өзге қызметкерлердің жалақысы көбейеді.
Осылайша департамент басшылығы "қызметтік" модельге көшіп, полицейлердің біліктілігін арттырмақ. Себебі қазіргі күні халықтың 70 пайызы құжат тапсыруға қатысты кеңес сұрайды, 30 пайызы арызданатын көрінеді. Сол жоспарлардың бірі ашу болып табылады.- Сондай-ақ, ІІД атауы полиция департаментіне өзгертіліп, тек полициялық қызметпен айналысатын болады. Полиция қызметкерлерінің халыққа жақын болу мақсатында әр қалалық және аудандық бөлімшеде тұрғындарға заңнамалық кеңес беретін "Фронт-офистер" ашылады, - дейді Айгерім Нұрғазина.
Ал күні кеше ғана ішкі істер министрлігі полиция қызметкерлерінің формасын өзгертетінін мәлімдеді.
- Қазір бүкіл әлемде, тіпті көрші елдерде полицейлер формасын өзгертіп жатыр. Полиция формасын ауыстыратын уақыт жетті. Форма ең бастысы ыңғайлы болуы керек. Қазіргі формаға 15 жыл болды. Қазір жаңа форманың түрлі нұсқаларын қарастырып жатырмыз, - деп жауап берді Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Алмас Садубаев.
Сонымен қатар, ішкі істер маманы 2019 жылы полицейлердің бәрі аттестациядан өтетінін мәлімдеді.