Зайсан ауылдарына қазан айында газ беріледі
Зайсан ауданының тоғыз ауылының тұрғындары қазан айының ортасына дейін орталық газ жүйесіне қосылуы тиіс
Ал аудан әкімі бұл тапсырманы орындай алмаған жағдайда, "Нұр Отан" партиясы тарапынан бұлтартпас шара қолданылады.
Зайсан ауданының әкімі көктемде өткен "Нұр Отан" партиясының Саяси бюро отырысында қыркүйек айына дейін тоғыз ауылдың тұрғындары түгелдей газ жүйесіне қосылып бітеді деп уәде еткен еді. Алайда бұл уәдесін тағы бір айдан астам уақытқа кешіктіруге мәжбүр.
Зайсан қаласына осыдан төрт жыл бұрын газ берілген болатын. Кейін қала маңындағы Қарабұлақ, Кеңсай, Қайнар, Айнабұлақ, Жамбыл, Көгедай, Шалқар, Қаратал, Үлкен Қаратал сынды тоғыз ауылға газ тарту жобасы іске қосылып, 2015 жылы-ақ газ құбырлары жалғанған еді. Алайда содан бері газ құбыры тартылған болса да, елді мекендердің бірде-бір тұрғыны газға қосылмай, шаруа сиырқұйымшақтанып кетті.
Бұл мәселе көктемде Саяси бюро отырысында қаралып, "Нұр Отан" партиясының Шығыс Қазақстан өңірлік филиалының төрағасы, облыс әкімі Даниал Ахметовтің тарапынан қыркүйекке дейін ауылдарға газ қосу тапсырмасы берілді. Арнайы жұмыс тобы да құрылып, тапсырманың орындалу жағдайы бақылауға алынды.
Аудан әкімі кезекті отырыста тағы есеп беріп, тоғыз ауылдан барлығы 1300-ден аса үй газға қосылу керектігін, қазіргі таңда 160-қа жуық үйге газ берілгенін баяндады.
- Газ тартылған 1300-ден аса үйдің 520-сы қазір орталық газ жүйесіне қосылуға ниет танытып отыр. Қалған үйлерді қазан айының ортасына дейін газ жүйесіне қосып бітіреміз, - деді Зайсан ауданы әкімі Темірбек Қасымжанов.
Алайда 10 қыркүйек күні аулаларға тексеріс жүргізген арнайы құрылған жұмыс тобы бірде-бір үйдің газ желісіне қосылмағанын айтып, аудан әкімінің сөзін жоққа шығарды. Десе де, аудан басшысы қазан айының 15-сіне дейін газды қосып бітетіндігін айтып уәде етті. Ал 17 қазан күні Зайсан ауданының тоғыз елді мекеніне ресми түрде газ берілмек.
Өз кезегінде, "Нұр Отан" партиясының Шығыс Қазақстан өңірлік филиалының төрағасы аталған тапсырма орындалмаған жағдайда, қатаң шара қолданатындығын ескертті.