Усть-Каменогорск
пасмурно
-10°
  • Усть-Каменогорск
    -10°
  • Алматы
    -2°
  • Нур-Султан (Астана)
    -6°
  • Актобе
    -2°
  • Форт-Шевченко
    +10°
  • Атырау
    +3°
  • Караганда
    -8°
  • Кокшетау
    -6°
  • Костанай
    -5°
  • Кызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -9°
  • Петропавловск
    -8°
  • Тараз
    +1°
  • Уральск
    +2°
  • Шымкент
    +5°
$
498.34
519.72
¥
68.79
4.85
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Ет комбинаты салынса, қойды қайдан алмақ?

Шығыс Қазақстан елдегі ең малы көп өңірлердің қатарына жатады. Ал ет өңдеу жағынан Алматы облысынан кейін екінші орынға жайғасқан

Деректерге көз жүгіртсек, Шығыс Қазақстан жылына 270 мың тонна ет өңдейді екен.

Десе де, облыста өсірілетін малдың жыл өткен сайын азайып бара жатқан жайы бар. Әсіресе, қойдың азайғанын бәрі байқап жүр. Келесі жылдан бастап Семей қаласында ирандық компания салып жатқан ет комбинаты мен Аягөзде аустралиялық компания салып жатқан ет комбинаты іске қосылмақ. Одан бөлек, Көкпектіде ет комбинатының құрылысы басталудың алдында тұр.

Семейде ашылатын ет комбинаты күніне 2000 қой мен ешкіні сойып, етін өңдесе, Аягөздегі ет комбинаты айына 10 мың қой-ешкіні сойып, 11 мың тоннадан аса ет өңдеуді жоспарлап отыр. Алайда бұл ет комбинаттары іске қосылғанда, "оған қажетті шикізатты, яғни, мал етін таба ала ма?" деген заңды сауал туады. Өйткені елде малдың, қойдың азайып келе жатқанын жұрт жақсы біледі. Қойдың азайып қалғанын биыл Құрбан айтта нақ байқадық. Өйткені қалаға қой саудалауға келген кәсіп иелері мал табудың машақат екендігін айтып қалды.

- Өскеменде құрбандық шалу дәстүрі жыл сайын жанданып келеді. Алайда қазір ауылда қой азайып барады. Осыдан бес-алты жыл бұрын сататын қойды бір ауылға не ауданға барып-ақ жинап алатын едік. Енді көршілес екі-үш ауданды аралап барып мал жинайтын болдық, - дейді саудагер Меделбек Мұхамедкәрімұлы.

Облыстың Ауыл шаруашылық басқармасы берген мәліметтерге қарағанда, облыста қазір 2 миллионға жуық қой басы бар екен.

- 2016 жылы 1 млн 700 мыңға жуық қой саны тіркелсе, 2017 жылы 1 миллион 400 мыңнан аса қой басы тіркелген. 2018 жылдың алты айының ішінде облыста 1 млн 900 мыңнан аса қой бар екендігі белгілі болды, - дейді басқарма басшысының орынбасары Ернар Рахметуллин.

Күз келісімен шопандар қойларын сата бастайтындықтан, 2 млн деп отырған қой 500 мыңға дейін қысқаруы мүмкін. Сонда облыс шопандарында, орташа есептегенде, тұрақты бір жарым миллион қой басы бар деген сөз.

Ал кеңес одағы кезінде бір Тарбағатай ауданының өзінде 450 мыңнан аса қой болған екен.

- Мәселен, Шілікті ауылында 73 мың қой, Жаңаауылда 52 мың, Жетіарал ауылында 57 мың, Қабанбай мен Маңырақ ауылдарында 46 мыңнан қой болған, - дейді Тарбағатай ауданының ауыл шаруашылық бөлімінде қырық жыл еңбек еткен Жеңісбек Мульянов.

Ал Ауыл шаруашылық басқармасының деректерінде Тарбағатай ауданында 325 мың қойдың бар екендігі айтылады.

- Облыстың Тарбағатай, Аягөз, Үржар аудандарында қой саны басым. Тарбағатайда 325 мың қой, Аягөзде 250 мың қой, Үржарда 240 мың қой бар, - дейді Ернар Әділұлы.

Алайда ауыл шаруашылық бөлімінде ұзақ жыл қызмет еткен маман қазір Тарбағатайда 320 мың қойдың бар екендігіне күмәнмен қарайды. Өйткені дәл осындай мал болса, Тарбағатайдың жазығы қойға толып жататын еді деген пікірде.

- Қазір басқармалардың барлығы жоспарды орындауға, сан мен санақты көбейтуге тырысып, жалған дерек жасайды. Сондықтан нақты қанша малдың бар екендігін анықтау қиын, - дейді ардагер маман.

Ал Қазақстанның 2021 жылға дейін ауыл шаруашылығын дамыту кешенді бағдарламасында қой малын 21 млн-ға дейін, ал Шығыс Қазақстанда 2 млн 200 мыңға дейін жеткізуді көздеп отыр.

- Семей қаласында неге ирандықтар ет комбинатын салуға ынталы болып отыр? Өйткені Иран мен араб елдеріне, Пәкістанға қой еті өте қажет. Қытай да ет бер деп тіленіп отыр. Қазақстан табиғи ет өндіретіндіктен, әлемнің қай елі болсын, оны алуға тырысатыны хақ. Сондықтан қойды өсіруге, оны көбейтуге мүмкіндік беретін мемлекеттік бағдарлама жасауға әрекет ету керек. Қазір жас мамандар ауылға барып, қой өсіруді місе тұтпайды. Оларға мемлекеттен қолдау болса, онда кәсіптің кілтін табар деп ойлаймын, - дейді Жеңісбек Мульянов.

Өкінішке орай, Қазақстанда қой малын өсіруге мүмкіндік беретін арнайы несие беру бағдарламасы да жоқ. Шаруалардың арасында сұранысқа ие болып отырған "Сыбаға" бағдарламасына қой мен жылқы өсіруге соңғы жылдары ғана көңіл бөліне бастады. Бұған дейін ірі қараны асылдандыруға мән берілетін.

Одан бөлек, берілген несиені қадағалау жағы да мемлекеттік бақылау тұрғысынан нашар болып отыр. Өйткені несие алған шаруалардың қаржыны, шын мәнінде, мал өсіру мақсатына жұмсамай, баспана мен көлік сатып алған жағдайлары жиі кездеседі.

Қалай десек те, өңірде болсын, елде болсын, қазір қой шаруашылығы ақсап тұр. Ал облыста салынғалы отырған үш ет комбинаты шикізатты қайдан аларын іске қосылғанда ғана білерміз. Дегенмен ет кобинаттары толық қуатпен жұмыс жасамауы мүмкін, қыста тоқтап қалуы да ғажап емес деген болжамдар бар.

Следующая →