Усть-Каменогорск
ясно
-10°
  • Усть-Каменогорск
    -10°
  • Алматы
    +3°
  • Нур-Султан (Астана)
    -7°
  • Актобе
    -4°
  • Форт-Шевченко
    +10°
  • Атырау
    +3°
  • Караганда
    -5°
  • Кокшетау
    -8°
  • Костанай
    -8°
  • Кызылорда
    +3°
  • Павлодар
    -10°
  • Петропавловск
    -10°
  • Тараз
    +4°
  • Уральск
    -5°
  • Шымкент
    +10°
$
498.55
+0.04
524.28
+1.44
¥
68.76
-0.05
4.75
-0.06
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Құмшекер бағасында қандай өзгеріс бар?

Жергілікті билік пен монополияға қарсы мекеменің "баға бассыздығын тоқтату" туралы өтінішіне қарамастан,  бөлшектеп қант сату нарығындағы дүрбелең басылар емес

Қазір елімізде жеміс-жидек пісіп, нағыз тосап қайнататын шақ. Осыған байланысты қанттың бағасы да өсіп отыр. Республика бойынша бір келі қанттың орташа бағасы 223 теңгені құрайды. Ақтөбе мен Оралда қант бағасы 202 теңге болса, Өскеменде орташа баға 242 теңге. Мұндай баға Астана қаласында да тіркелген және ел бойынша ең жоғары баға болып табылады. Өскемендегі құмшекердің құны әр жерде әртүрлі. Тіпті, 240 теңгеден басталып, 300-ге дейін жетеді. Осыған дейін тәтті тауардың келісі 220-240 теңге аралығында сатылған.

- Соңғы рет шекерді көктемде 215 теңгеден сатып алған едім. Қымбаттап кетіпті. Жолдасым екеуімізге жылына бір қап құмшекер қажет. Амал жоқ, бүгін аламын, - дейді қала тұрғыны Сәуле Жылысова.

Жауапты мамандар мұны өндірушілердің маусымдық бағаны көтеруімен байланысты екенін айтып отыр. Өскемен қаласының кәсіпкерлік бөлімінде бұл тақырыпқа қатысты жедел ақпарат беруден бас тартты. Дегенмен, бөлім мамандары бағаларға мониторинг жасап, қант бағасының өсуінің негізділігін анықтап жатқаны белгілі.

- Әзірге қант тапшылығы және бағасына байланысты шағымдар түскен жоқ. Статистика департаментінің қорытындысы бойынша, ағымдағы жылдың 7 тамызына дейін қанттың орташа бағасы 239 тг құраған. Алайда бұған дейін де наурыз, мамыр айының соңы мен маусым айының басында бағаның өсуі байқалған, - дейді ШҚО Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы Қайрат Оразбаев.

Саудагерлердің сөзінше, тәттінің тапшылығына және бағаның шарықтап кетуіне елімізге сырттан қант қамысының келмей жатқаны мен доллар бағасының құбылуы түрткі болып отыр екен-мыс. Еске салайық, бүгінгі таңда Қазақстанның қантқұмарлары 90% шетел өнімін тұтынып отыр.

- Басқа елдермен салыстырғанда, Қазақстанда қантты тұтыну мен баға маусымға тікелей байланысты. Қыс айларында құмшекер тұтыну азаяды, ал жаз айларында керісінше көбейеді. Бұл құбылыс жергілікті ас мәзіріне байланысты екені айтпаса да түсінікті. Жаз айларында келіншектер тосап, компот, езбе жасауға жаппай кіріседі. Осы кезде қант келілеп емес, қаппен сатыла бастайды. Бағаның да шарықтайтын кезі осы, - деді қаладағы ірі сауда үйлерінің бірінің сатушысы Надежда Федорова.

Биыл ҚР Ұлттық экономика министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі қант бағасына қатысты түсініктеме беріп, "қант бағасы өседі деудің қажеті жоқ" деп мәлімдеген. Десе де, сауда орындарында баға бірден шарықтап шыға келді. Республика бойынша биыл қант бағасы - орта есеппен 240 теңгені құрап отыр.

Жергілікті кәсіпкерлер өнімнің қымбат бағамен жеткізілетінін бірауыздан растап отыр. Қыстың күндері 198 теңгеден келетін қант жаз ортасында 230-290 теңгеден жеткізіледі. Өңірлерге қант Алматыдан жөнелтіледі. Бүгінде Алматы облысында қант шығаратын екі кәсіпорын бар. Оның алғашқысы жоспарлы жөндеу жұмыстарына жабылса, екіншісі іске қосылған. Жөндеу жұмыстарына дейін де екі кәсіпорын бүкіл республиканы қамти алмайтын. Тұтыну көлемі жыл сайын ұлғаяды. Сондықтан импорттық өнімге жүгінбеске амал жоқ. Мәселе - импорттық шикізатта, яғни, қант құрағында.

- "Орта Азиялық қант корпорациясы" ЖШС біздің облысқа қанттың негізгі жеткізушісі болып табылады. Ондағы жіберу бағасы қымбаттағаннан соң біздің облыста да қымбаттап отыр. Негізінен, қант тапшылығы қолдан ұйымдастырылады, - дейді ШҚО Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы Қайрат Оразбаев.

Ал "Орта Азиялық қант корпорациясы" ЖШС қамтамасыз ету бөлімі басшысының сөзінше, Қазақстанға екі зауыт жетіп жатыр екен.

- Үшінші, төртінші зауыттарды қосудың қажеті жоқ. Біз "Рахат", "Баян сұлу" сынды өндірістік компанияларды қоса есептегенде, нарықты толық қамтамасыз етіп отырмыз. Сондықтан ешқандай дүрбелең болмауы керек, - деп мәлімдеді "Орта Азиялық қант корпорациясы" ЖШС. 

Экономистердің болжамынша, 2019-2020 жылдары ЕАЭО елдерінде қант тапшылығы сезілуі мүмкін. Себебі 2020 жылдан бастап шикізатты шетелден тасымалдауға белгіленген жеңілдік мерзімі аяқталады. Сәйкесінше, қант құрағын шетелден тасымалдау тиімсіз болып қалады. Есесіне ЕЭО аясында шикізат пен дайын өнімді өзара тасымалдауға басымдық беріледі. Бұл жерде Ресей мен Беларусьтің ұпайы түгел болады, ал Қазақстан ұтылады. Өйткені аты аталған екі ел - қант ұсынушының, біз - тұтынушының рөлін атқарамыз. Қазір Ресей мен Беларусь қант қызылшасы алқаптарының аумағын кеңейтіп жатыр. Жыл басында Ресей қант импортын шектеу туралы одақ комиссиясына ұсыныс түсірді. Осы арқылы ЕАЭО шеңберінде ойын ережесін өзгертіп, үшінші елдерден қант сатып алуға шектеу қою туралы шешім шығаруды талап етті. Бұдан түсінгеніміз, Ресей жылына 400 мың тонна қант тұтынатын біздің 18 млн халықты үлкен нарық, яғни, тұтынушы деп танып отыр.

Следующая →