Баланың терезеден құлауына не себеп?
Былтыр облыста терезеден алты бала құлап кетіп, оның үшеуі қаза тапқан. Қалған үшеуі жарақат алып, ауруханаға түскен
Биыл да балалардың терезеден құлау жағдайлары тіркелген. Сегіз айдың ішінде терезеден төрт бала құлап кеткен. Қуанышқа орай, қаза тапқандар жоқ. Төртеуі де ауруханаға жатқызылған.
Ал облыстық Төтенше жағдайлар департаменті балалардың терезеден құлауына ата-ананың салғырттығы себеп деп отыр.
- Балалардың көбі жалғыз қалған кезде терезеден құлап кетеді. Сондықтан бүлдіршінді үйде жалғыз қалдыруға болмайды, - дейді департамент басшысының м.а. Амангелді Шегетаев.
Одан бөлек, көпқабатты үйлердің көбінің терезелерінде темір тор жоқ. Бала терезеге шыққан күйі ұстанатын жер таппай, ары құлап кететін көрінеді. Қазір тұрғындардың өзі жапа-тармағай орнатып жатқан пластик терезелердің де кемшіліктері бар болып шықты. Біріншіден, мұндай терезелер есік сынды әйнегімен бірге ашылады, екіншіден, қауырсын торкөзі мықтап бекітілмеген. Торкөзге жақындаған бала оған сүйенемін деп тормен бірге төмен құлап кетеді.
Сондықтан мамандардың айтуынша, мұндайда ең дұрысы бала терезеге шығып кетпейтіндей жағдай жасау керек.
- Мәселен, терезе маңындағы жиһаздарды алып тастаңыз. Бала жиһаз арқылы терезенің алдына шығып кетуі мүмкін. Мүмкіндігінше терезенің жоғарғы жағын ашуға тырысыңыз не шалқайтып ашуға да болады. Бала терезені артық ашпастай етіп арнайы қысқыштар орнатыңыз. Терезеге темір тор орнатсаңыз, тіпті, жақсы, - дейді азаматтық қорғау полковнигі.