Жемқорлықты әшкерелеп, сыйақы ал!
Қазақстанда сыбайлас жемқорлық туралы ақпарат берген азаматтарға сыйақы беріледі
Ал аса ауыр сыбайлас жемқорлық жайлы дерек көрсеткен адамдар 2,5 млн теңгеге дейін сыйақы ала алады.
Елде жыл басынан бері сыбайлас жемқорлық жайлы ақпарат берген 82 азаматқа барлығы 12 млн теңге шамасында сыйақылар берілген. Ал Шығыс Қазақстан облысында мұндай сыйақы алған азаматтардың саны - 16. Оларға барлығы 2 млн теңгеден астам сыйақылар берілген.
- Біржолғы ақшалай сыйақы түрінде берілген көтермелеудің жалпы сомасы 2 млн 212 мың теңгені құрап отыр, - дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының ШҚО бойынша департаментінің басшысы Сергей Потанин.
Жемқорлық жайлы ақпарат берген азаматтарды көтермелеу үшін сыйақы беру туралы шешім 2016 жылы шыққан. Берілетін сыйақының да көлемі әртүрлі. Мәселен, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы әкімшілік істер жөнінде ақпарат бергендерге 30 АЕК (72 мың теңге), онша ауыр емес сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы 40 АЕК (96 мың теңге), ауырлығы орташа сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы 50 АЕК (1,2 млн теңге), ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы 70 АЕК (1,7 млн теңге), аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстар туралы 100 АЕК (2,4 млн теңге) көлемінде сыйақы берілмек.
Азаматтар жемқорлықтың қандай да бір белгілеріне куә болса, оны суретке не бейнетаспаға түсіріп, басқа да құжаттарды әкеліп тапсыруы тиіс. Фактілер күдікті адамның кінәсін дәлелдей алатындай шындыққа сәйкес келуі керек. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар адамның тұратын мекенжайы туралы ақпарат берген адам да сыйақыға ие бола алады. Ұсынып отырған фактілер тергеу жұмыстарына, жемқорлықтың алдын алуға, ізін кесуге көмектеседі. Мәліметтерді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының ШҚО бойынша департаментіне әкеліп тапсыруы керек.
Ал сыйақыны азамат айыптау үкімі заңды күшіне енгеннен кейін ғана ала алады. Сыйақы қаржысы он бес күннің ішінде есепшотқа аударылады.