Баланың өліміне кім кінәлі?
Үржар ауданы, Шолпан ауылындағы А гепатитінен көз жұмды деген 11 жасар қыздың ісіне қатысты тергеу амалдары аяқталды. Облыстық прокуратура бұл қайғылы оқиғадан ешқандай қылмыстық әрекет таба алмай, ешкімді де кінәламай, істі жауып тастады
Жылдың басында Шолпан ауылында бірнеше баланың елге беймәлім індет жұқтырғаны, кейін оның вирустық гепатит, дәлірек айтсақ, сары ауру екені белгілі болған еді. Ал шын мәнінде, ауыл мектебіндегі балалар қыркүйектен бастап ауыра бастаған. Кесел ошағы анықталған соң, тазалау жұмыстары жасалған.
Ал желтоқсанда Үржар аудандық ауруханасында он бір жасар Зарина Жәнібекова қайтыс болды. Дәрігерлер қанша күрессе де, кішкентай қыздың өміріне араша бола алмады.
Қайғылы оқиғаның арты одан әрі ушығып кетті. Өйткені дәрігерлер қыздың нақты қай аурудан көз жұмғанын айта алмай дал болды, ресми ақпарат тарамады. Қыздың дертіне қатысты түрлі мағлұмат берілді. Үржар аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қыздың өліміне себеп болған ауру "Өткір гепатит" деп көрсетсе, облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтып, сеспис ауруынан, яғни, бүйректің қабынуы мен өліеттенуінен көз жұмды деп жауап қайтарды. Ал бұл аурудың А гепатитіне қатысы жоқ.
Кейін дәрігерлер желтоқсан айында жедел баспасөз жиынын өткізіп, баланың Е гепатиті дертінен көз жұмуы мүмкін екендігін мәлімдеді.
Ал марқұмның анасымен байланысқан кезімізде, Индира Жәнібекова аудандық дәрігерлердің балаға қалай немқұрайлы, безбүйрек қарағанын айтып, көз жасын тыя алмады. Қызының неден көз жұмғанын біле алмай дал болған ана қанша шағымданса да, шындықты біле алмай қор болды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы көктемде Үржар аудандық ауруханасының бас дәрігерін жұмыстан қуып, кінәліні тапқандай болды. Істі осымен аяқтады. Прокуратура да осы күнге дейін тергеу амалдарын қанша зерттеп қарағанымен, қылмыстық істің ізін таба алмаған.
- Тергеуалды амалдары жүргізілді. Тергеу амалдары нәтижесі мен сот-медициналық комиссия сараптамасының негізінде Зарина Жәнібекованың өлімінен криминалды белгілер табылмағандығы анықталды, - дейді ШҚО прокуратурасы.
Құзіретті мекеме істің өзінде қылмыстық белгілер болмағандықтан, ашылған істің жарты жыл бойы жүргізілген тергеу амалдарын қазір тоқтатқан. Ал баланың неден көз жұмғаны сол беті белгісіз күйде қалды. Дәрігерлер баланың қай дерттен көз жұмғанынан хабардар болар, алайда оны айтудан бас тартып отыр. Өйткені бұл дәрігерлік құпия болып саналады екен.
Ал марқұмның анасы істің негізсіз жабылғанын айтып, қайта шағымдануға жүрексініп отыр. Себебі істі қайта қарап, медициналық сараптама жасау үшін жерленген баланың мүрдесін қайта қазуға тура келеді.
- Тергеушілердің маған көрсеткен құжатында бала тез асқынған бүйрек ауруынан көз жұмған деп жазылған. Ал гепатит диагнозы туралы сөз жоқ. Бәріне кінәлі аудандық амбулаторияның дәрігерлері деп ойлаймын. Өйткені баланы мұқият тексеріп, ауруын ерте анықтаса болар еді ғой, - дейді Индира Жәнібекова.
Осымен он бір жасар қыздың оқиғасына нүкте қойылды.