Үржарда ұлттық парк құрылды
Облыста ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың қатарына тағы бір ұлттық парк қосылды. Еліміздің он үшінші табиғи паркі Үржар ауданында құрылып отыр
- Құрметті ағайын, сүйінші! Үкімет қаулысымен Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданының аумағында Тарбағатай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрылды. Ұлттық парктің ауданы 143,5 мың гектар, - деп жазды әлеуметтік желіде ҚР АШМ-ға қарасты Орман шаруашылығы комитетінің баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет.
Ұлттық табиғи парк алты бөліктен тұрады. Оған Тарбағатай жотасының бір бөлігі, Қарабас пен Арқалы тауларының бір бөлігі, Үржар, Қызылсу және Емел өзендері алқаптарының учаскелері енетін болады.
Тарбағатай тауының Үржарға ұласар етегінде аты әлемге танымал, қазақ алмасының атасы - Сиверс алмасы өседі. Бұл жабайы алма Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Сиверс алмасы тараған аумақ ерекше қорғауға алынған.
- "Тарбағатай" мемлекеттік ұлттық табиғи паркі шөл басумен күрес, жануарлар мен өсімдіктерді сақтау туралы, климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ халықаралық Конвенцияларын орындау мақсатында құрылып отыр, бұл республиканың орнықты дамуы үшін қажет, - дейді Шығыс Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының бас маманы Дина Алматова.
Алдағы уақытта үкімет бұл табиғи паркті туристік мақсатта дамытуды ойлап отыр.
- Қалмақтұмма, Көлденең, Мохнатка, Әлемді шатқалдарында демалыс базалары салынып, 40 шақты адамға туристік қызметтер көрсетілетін болады. Ал Құсақ өзені бойында 30 жылқыны өсіруге арналған атқора салынып, қымыз сауылады, атпен серуендеуге болады, - дейді Дина Алматова.
Ұлттық парк маңында ұялы телефон желісі тартылып, жолдар мен көпірлер жөнделеді. Алакөлге келген туристерді Тарбағатайға да тарту мақсатында түрлі туристік маршруттар ұйымдастырылады.