Этот сайт собирает метаданные пользователя (cookie, данные об IP адресах и местоположении). Это необходимо для функционирования сайта.
Продолжая пользоваться сайтом, Вы даете согласие на использование ваших cookie-файлов.
Шығыс Қазақстан облысының қалаларында білім беру саласының жұмысы ақсап-ақ тұр
Қаланың білімі далада
- Қала мен ауыл мектептері арасында білім сапасына салыстырмалы түрде талдау жасау мақсатында білім басқармасының жанынан арнайы комиссия құрылып, тиісті жұмыстар атқарылуда, - деді ШҚО Білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әсел Қайырбекова.Республика бойынша 138 балл алған сегіз баланың екеуі облыс түлектері. Ал 100 балдан жоғары ұпайды 20 ауылдық және небары 9 қалалық мектеп жинаған.
- Өскемен қаласында үздік тізімге үш мектеп ілінсе, ал Семей тізімде мүлдем жоқ. Менің ойымша, бұл көрсеткіш - біздің ірі қалалардағы білім деңгейінің айтарлықтай төмендеп кеткенінің белгісі. Бұл алаңдатарлық жағдай, осы ретте бәрімізге жұмыс істеу керек, - деген болатын облыс басшысы Даниал Ахметов.Көп ішінде барлық мәселенің түйінін облыстық білім басқармасына апарып тірейтіні аңғарылғанымен, тұтас жүйедегі жұмыстың кілт ақсауы бір адамға тіреліп тұрмағаны және анық. Әрине, аймақтағы білім саласына бөлінген қаржының жыл сайын көбейіп отыруы мен облыста мектеп құрылысының тоқтаусыз жүргізіліп жатқаны анық.
- 2018 жылы басқарма бюджетіне 103,4 млрд теңге қаржы қарастырылған. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 7,5 млрд теңгеге жоғары. "Менің мектебім" жобасы бойынша 476 жаңа үлгідегі кабинеттің, оның ішінде кәсіпкерлерлік-демеушілік көмегімен 272 робототехника кабинетінің жабдықталуы қарастырылып отыр. Ол үшін 2,3 млрд теңге көлемінде жеке инвестициялар жұмсалған. 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі білім беру мекемесімен қамту жөніндегі Елбасының тапсырмасы табысты орындалып, өткен жылы қамту деңгейі 100%-ға жеткен, - дейді Әсел Қайырбекова.Осыншалық қолдау мен жағдай жасалып отырған жерде жұмыстың нәтижесі мен сапасы да жоғары болуы керек. Ендеше облыс ұстаздарының қажырлы еңбегі жанбай, білім беру мәселесі сын көтермеуі неліктен? Шындығына келгенде, бірқатар мектептерде бағаны көтермелеп қоюға жол беріліп отыр. Сондай-ақ, "Алтын белгіге" үміткер ретінде оқу үлгерімі айтарлықтай "мәз емес" оқушыларды ұсыну жағдайы да жиі болып тұратыны мәлім. Бұл талапкердің ҰБТ сынағы кезінде білім деңгейін дәлелдей алмауына әкеліп, сол арқылы тұтас оқу сапасының төмендеуіне әсер етіп отырған көрінеді.
Ұстаздарға тек жоғарғы балл маңызды
Қазіргі таңда мектеп бітіруші түлектер ҰБТ-ны сәтті тапсыру мақсатымен қызу дайындық үстінде. 2017-2018 оқу жылында облыс мекептерін 9740 оқушы аяқтамақ. Барлығы да таңдау пәнін ой елегінен өткізген. Алдарында үлкен өмір жолы күтіп тұр. Осы жолға шықпай тұрып, олар болашақ мамандықтарын жаңылыспай таңдаулары керек.
- Мектеп бітірушілерден ҰБТ тапсыруға өтініштерін қабылдау наурыз айының 10-ынан мамыр айының 10-ына дейін жалғасатындықтан талапкерлердің нақты саны және мамандық бойынша нақты мәлімет әзірге жоқ. Көрсеткіштер аталған мерзімнен кейін белгілі болады, - деді облыстық білім басқармасының басшысы Әсел Қайырбекова.Сұраққа нақты жауап болмауы неліктен? Оның себебі елімізде жастайынан баланың бойындағы бейімділігін, қарым-қабілетін анықтап, бағдар беру әлі жолға қойылмаған. Мамандық таңдауда бағыт-бағдар беретін нұсқаулық Қазақстанда жоқ. Тіпті, баланың бойындағы бейімділігін анықтайтын психолог мамандар да жоқтың қасы. Мектеп ұстаздарына оқушының қай мамандықты таңдағаны емес, ҰБТ-ны жақсы тапсырғаны маңызды болып отыр.
- Грант көп бөлінетіндіктен оқушылар техникалық мамандықтарды таңдайды. Бірақ жоғары оқу орнында сол мамандықты меңгеріп алып кете алмайды. Сөйтіп оқуын аяқтамай тастап кететіндері қаншама, - дейді Глубокое ауданы, Секисовка орта мектебінің ұстазы Айгерім Имашева.Белгілі болғандай, мектеп түлектері мамандыққа емес, грантқа баса назар аударады. Кейбіреулер үшін, тіпті, түскен білім ордасының беделі де аса маңызды. Ал өздерінің қабілеті мен қарымы соның көлеңкесінде қалып қоятындығына мән бермейтін көрінеді. Нәтижесінде, көңілі қалаған мамандыққа қолы жетпеген адамның болашақта жұмыс істеуге құлқы төмен болады. Бұл мәселені осы бастан ерекше назарға алған жөн.