ШҚО-да туристерге аудиогидтер жасалады
Егер ішкі туризмнің өзіне тоқталатын болсақ, халқымыздың басым бөлігі өздері жолдама сатып алып, өздері қыдыруды жөн көреді
Қазақстанның туризм саласын шырқау шегінде деуге келмейді. Егер ішкі туризмнің өзіне тоқталатын болсақ, халқымыздың басым бөлігі өздері жолдама сатып алып, өздері қыдыруды жөн көреді. Алайда оларға жол бағытын көрсетіп, тарихи нысандар туралы дерек беретін ешқандай бағдарлама жоқ.
Осыған орай биыл цифрландыру бағдарламасы аясында электронды жолсеріктер пайда болады.
- Ағымдағы жылы жерлестерімізге арнап тегін аудиогидтерді құра бастадық, - дейді ШҚО Туризм және сыртқы байланыс басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев. - Бұл қосымшаларды AppStore мен PlayMarket арқылы жүктеп алуға болады. Олар онлайн және оффлайн режімде жұмыс істейді. Егер сіз шалғайдағы нысанды көргіңіз келсе, ол туралы деректерді алдын ала жүктеп, төрт тілде тарихи деректермен танысуға болады.
Жасұлан Сәрсебаевтың айтуынша, қазіргі таңда ең қызықты деген тарихи нысандардың ақпараты дайындалуда. Аудиогидтер жаз мезгілінің ортасында іске қосылады.