"Жарқын болашақ" олимпиадасы өтті
Өскеменде "Жарқын болашақ" X республикалық Білім-инновация халықаралық қоғамдық қорының қазақ тілі олимпиадасының облыстық кезеңі өтті
Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтіп, қазақ халқының мәдени, әдеби және рухани қазыналарын кеңінен насихаттайтын олимпиада "Нұр Орда" мектеп-лицейінің ғимаратында ұйымдастырылды.
Облыстың әр ауданынан жиналған білімпаздар бес бағыт бойынша, "жазушылар", "сөз шеберлері", "жас ғалымдар", "тілші-әдебиетшілер", "әнші-бұлбұлдар" тобында өнер көрсетіп, білім жарыстырды. Бұған қазақ және өзге ұлт өкілдері қатысып, бақ сынады.
- Қазақ тілінің дамуы мен өркендеуі үшін жыл сайын өткізілетін сайыстың Қазақстан халқына қосатын үлесі мол. Өйткені бұған тек қазақ жастары ғана қатысып қоймай, өзге ұлт өкілдері де мемлекеттік тілді меңгеру жолында талаптанып, еңбек етеді, - дейді "Нұр Орда" халықаралық мектеп-лицейінің директоры Селман Шимшек.
Төрт сағат бойы өнер, білім жарыстырған сайыстың да қорытындысы белгілі болды. Жазушылар бағыты бойынша Өскемен қаласының №42 орта мектебінің оқушысы Камила Қайратова 1-орынды алса, өзге ұлт өкілдері тобынан Күршім ауданының Теректі орта мектебінің оқушысы Валентина Свириденко 1-орынды алды.
Сөз шеберлері сайысында өзге ұлт өкілдерінен Күршім ауданының Қайыңды орта мектебінің оқушысы Татьяна Завалина, қазақ тобынан Зайсан ауданының Қаратал орта мектебінің оқушысы Аида Қабдолданова 1-орын алды.
Әнші-бұлбұлдар бағыты бойынша қазақ тобынан Зайсан қаласының М. Әуезов атындағы орта мектептің оқушысы Дильяра Насиева, өзге ұлт өкілдері бойынша Серебрянск қаласының №1 орта мектебінің оқушысы Ариана Полтаранина 1-орын алды.
Тілші-әдебиетшілер бағыты бойынша қазақ тобынан Жамбыл мектеп-гимназиясының оқушысы Альмира Абзалбекова, жас ғалымдар бағыты бойынша қазақ тобынан Күршім ауданының Қалжыр орта мектебінің оқушысы Аяулым Рауанқызы бас жүлдені алды.