ШҚО-да климат қалай құбылуда?
Соңғы жылдары климаттың қатты өзгеріп келе жатқаны байқалады. Мұны тек сейсмолог мамандар емес, жергілікті тұрғындар да байқауда
Табиғаттың мұнша құбылуына байланысты адамдардың пікірлері екіұшты екенін бірден айта кету керек. Ғалымдар табиғи апаттардың мұнша артуын ғалам температурасының жылып, арктикалық мұзды жерлердің еруінен екендігін айтады. Эколог мамандар болса, мұның барлығын күрт нашарлап кеткен экологиялық жағдайлардан көреді. Тіпті, діншілдер қауымы әлемдік қайшылықтардың артуы табиғаттың құбылысына алып келетінін айтып жатады. Кімге сенуге болады?
Ғаламдық жылудың салдарынан жуықта Антарктида материгінен салмағы триллион тонна болатын, аумағы екі Люксембургке татитын «А68» көшпе мұзы бөлініп шықты. Қытайдың өнеркәсібінен бөлінетін зиянды қалдықтардың әлемнің екінші жартысында орналасқан Сан-Францискоға жетіп отырғаны баршаға мәлім. Сол сияқты, былтыр Америка Құрама Штаттарының табиғи апаттан рекордтық залал алғаны да аян.
Адам баласы ауа райының құбылысын әрқашан болжап әлек. Ғылымның бастауы да ауа райын болжаудан десек, қате айтпайтын шығармыз. Қыс ортасына дейін қар жоғалып немесе көктемдей жылына салатын мінезі Шығыс Қазақстанға тән болып көрмесе де, соңғы жылдары түсініксіз ауытқушылықтар байқалады. Бұл жөнінде өңірлік метеорологтардан жауап алып көрген едік.
- Әлемдегі көптеген елдер сияқты Қазақстан да климаттың өзгеруінен біршама зардаптар шегуде, - дейді Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің «Қазгидромет» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалы басшысының міндетін атқарушы Ляззат Болатқан. - Соңғы жылдары Қазақстанда қауіпті гидрометеорологиялық құбылыстар жиі тіркелуде. Қазақстан климаты, жаһандық климат сияқты, елеулі өзгерістерге ұшырауда. Мұны жер бетіндегі жылу температурасының артуымен түсіндіруге болады.
Соңғы онжылдықта қатты аяз, боран және шаңды дауылдардан туындаған төтенше жағдайлар саны біршама төмендеген. Сонымен қатар, жауын-шашынның жиілігі, қатты қар жауу, қатты дауыл, таулы өзендердегі су тасқыны және жазық өзендердегі судың деңгейі керісінше арта түскен.
- Қазіргі кезде, әрине, әлемдегі табиғи ауытқушылықтың күрделі екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Қазақстанның да мұндай құбылыстан ада екеніне ешқандай негіз жоқ, - дейді Ляззат Болатқан. - Мысалы, соңғы онжылдықтың ішінде қатты аяз саны біршама төмендей түскен. Сол сияқты былтыр жаз мезгілінде, дәлірек айтқанда 17 маусым күні, Шығыс Қазақстанның 10 метеостансасында жел жылдамдығы апаттық деңгейге дейін күшейгені мәлім. Бұл құбылыстар қазіргі таңда облыс көлемінде, әсіресе жаз айларында жиі қайталанып тұрады.
Жазы да, қысы да құбыла бастаған Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары да климаттағы өзгерістерді байқауда. Ілгерілі-кейінгі жұрт қатты аяз болса да, қардың қалың жаумайтынын мысал ете айтады.
- Балалық шағымызда қар әлдеқайда қалың жауатын. Мұны кімнен сұрасаң да айта алады, - дейді қала тұрғыны Диас Ағзамов. - Ал қазір мұз қалашығын салуға мұз таппай отырған қалалық әкімшіліктің жағдайын түсінуге болатындай. Бір жылдары қаңтар айына дейін қар болмаған сәттер тұрғындардың есінде ме деймін. Бұрын Республика алаңында жыл сайын мұз қалашықтары салынып, бірнеше метр биіктікті құрайтын сырғанақтар тұрғызылатын. Биыл қар жоқ немесе ызғар соғатын желтоқсан айында да күн жылып кеткен сәттер болғаны мәлім. Славян халқының шоқынып, суға түсетін мерекесінде аяз болмады. Тек кейін ғана қыс мезгілі өзінің лайықты көрінісін тапқандай. Бір қызығы, қардың жоқтығына қарамастан қатты аяз тұратын сәттерге куәміз.
Метеоролог ғалымдардың айтуынша, климаттың өзгеріп тұруы тұрақты құбылыстардың бірі. Тек соңғы жылдары емес, бұл үрдіс жер шарында әрқашан жүріп келген. Әрине, мұндай ауытқушылықтардың өз зардабы болатыны да мәлім.
Айта кету керек, kazgidromet.kz сайты хабарлағандай, биылғы арктикалық циклонмен келген аяз соңғы рет 90 жыл бұрын 1927 жылы тіркелген.