Жаңа жылда азық-түлік қымбаттай ма?
Қазақстанның кейбір облыстарында азық-түлік бағасы қымбаттады. Жаңа жыл қарсаңында науқан сайын жеміс-жидек пен көкөніс бағасы өсетіні белгілі
Ал биыл облыста жеміс-жидек пен азық-түлік бағасы қалай болмақ?
Былтыр Жаңа жыл кезінде қияр мен қызанақтың бағасы адам шошырлықтай шарықтап кеткен еді. Мәселен, неге екені белгісіз, шетелден келетін экзотикалық жемістерге қарағанда қияр мен қызанақтың бағасы келісіне 2000 теңге, ал кейбір орындарда 2500 теңгеге дейін қымбаттады. Тұрғындар Жаңа жыл кезінде салат пен тамақ жасауда қызанақ пен қиярды мол қолданатындықтан, алыпсатарлар да науқанды барынша пайдаланып, қалта қампайтып қалғысы келеді. Сол себепті саудагерлер бұл көкөніс түрлерін ертерек сатып алуды ұсынады.
Желтоқсан айының үшінші аптасында банан, құрма сынды жемістер қымбаттай бастады. Қазір бананның келісі 430 теңгеден сатылса, құрма 400 теңгеге, мандарин 460-470 теңгеге, апельсин 480-500 теңгеге, қияр мен қызанақ 500 теңгеге сатылуда. Ал алманың ең арзаны 400 теңге болса, картоп, сәбіз, қызылша бағасы 100 теңгенің үстінде.
Елде қараша айының соңына қарай қияр бағасы 28 пайызға, ал қызанақтың келісі 27 пайызға өскен. Орамжапырақ, сәбіз, пияз (сарымсақ) сынды көкөніс түрлері аса қымбаттай қойған жоқ. Бағасы, шамамен, 2-4 пайызға өскен. Жеміс-жидектен апельсиннің бағасы 4 пайызға, банан 3 пайызға, алма 1,5 пайызға қымбаттады.
- Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, желтоқсан айының алғашқы аптасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы өспеген, ал қарақұмық жармасы, күнбағыс майы, сәбіз, қант сынды кей тауар құны аздап арзандаған, - дейді ШҚО Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшының орынбасары Ольга Григорьева.
Министрлік пен басқармалар, мемлекеттік мекемелер азық-түлік бағасын реттеуге қанша тырысса да, базар мен көтерме сауда орындарында баға тұрақтылығын орната алмады. Соған қарағанда, басқарма жеміс-жидек пен азық-түлік құнын қасақана қымбаттатып сататындарды күштеп тоқтата алмайтын көрінеді. Тек халықтың сұранысы көп тауарларды әлеуметтік бағада сату арқылы сұғанақ саудагерлерге бәсекелес бола отырып, нарықтағы тауар бағасын біршама арзандатуға тырысады. Үкіметтік мекемелердің баға саясаты осымен ғана шектеледі. Ал бағаны күштеп арзандату немесе тауарды әдейі қымбатқа сататын сыбайлас саудагерлерді (заңнан аттамай әрекет ететін) жазалап, шара қолдану кәсіпкерлік бәсекелестікке нұқсан келтіреді деп саналады.
Сондықтан Қазақстан үкіметі көкөніс пен жеміс-жидек бағасын реттеп отыру үшін әлеуметтік бағадағы азық-түлік тауарларын сататын дүкендер мен орындарды көптеп ашуға тырысады. Мәселен, облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына тек 10%-ы ғана үстемақы қосып сататын 54 «Ардагер» дүкені, 930 әлеуметтік бұрыш, «Мирный», «Береке», «Жәрдем», «Тала» сынды сауда орындары ашылған. Апта сайын жәрмеңке өткізу мен жұмыртқа, сүт, тауық етін делдалдарсыз сату үшін өнім өндірушілермен меморандумға келу арқылы да бағаны ұстап тұруға ұмтылады.
- Биыл облыста 796 жәрмеңке өткізілді. Яғни, аптасына 9 жәрмеңкеден өтіп отырған. Мұнда орамжапырақ, пияз, картоп, сәбіз, қызылшаның келісі 80 теңгеден сатылды. Көтерме сатушылардың сауда орындарын кеңейту бойынша жұмыс жасаудамыз. Сүт өндіруші кәсіпкерлер өз өнімдерін тікелей, делдалсыз сататын өздерінің дүкендері бар. Мәселен, «Эмиль» ЖШС-ның 40 фирмалық дүкені, «Багратионның» 26 фирмалық дүкені, «Шығыс-Сүттің» 11 фирмалық дүкені бар. Тауық өнімдерін арзан бағада сату үшін «Куратье» ЖШС дилерімен меморандум жасалған. Бұл тасымалдаушы апта сайын «Мирный», «Береке», «Жәрдем», «Тала» сынды сауда орындарына тауық еті мен жұмыртқасын әкеп өткізеді. Мұнда оларға небары 5-7 пайыз үстемақы қосылып сатылады, - дейді басқарма орынбасары.
Бағаны реттеудің тағы бір тәсілі - бұл тұрақтандыру қорлары. Қазірде қала жұртшылығы көкөніс пен кейбір жеміс түрлерін арзан сататын тұрақтандыру қорының дүңгіршектерін тауып алып, сонда сауда жасағысы келеді. Өскеменде 23 тұрақтандыру қорының дүңгіршегі бар болса, Семейде 35 дүңгіршек орналасқан.
- Өңірдегі тұрақтандыру қорына 7 500 тонна жеміс пен көкөніс жеткізілді. Өскемен қаласына 3300 тонна көкөніс, Семейге 4200 тонна көкөніс бөліп берілген. Мұнда көкөністің бағасына 10 пайыз ғана үстемақы қосылады, - дейді басқарма өкілі.
Алайда кей тұрғындар тұрақтандыру қорындағы көкөністің сапасы төмен дегенді айтады. Десе де, аз қамтылған жанұялар үшін бұл да көңілге медеу. Өйткені тұрақтандыру қорының кейбір дүңгіршіктерінде көкөністер мүлдем үстемақысыз сатылады. Олардың саны - облыста он үш. Қор дүңгіршектерінің маңдайында көкөністің бағалары көрсетіліп тұрады.
Мемлекеттік орган тарапынан бағаны шарықтатып сататындарға қарсы нақты күштеу шаралары жүргізілмейтіндіктен, Жаңа жылға қарсы жеміс-жидектің қымбаттамайтындығына ешкім кепілдік бермейді. Сондықтан тұрғындарға керек-жарақты алдын ала қамдап алған жөн болар.