Өскеменде жолдар қайта жөнделеді
Славский атындағы жағалаудағы қайта құру жұмыстары аяқталмай жатып, облыс орталығының тұрғындары жол сапасына шағымдануда. Жолдың жайын алғашқы болып жүргізушілер сезінген
- Тас жол нашар салынған, - дейді жүргізушілер бір ауыздан. - Жолдың кедір-бұдыры бір бөлек, құдықтардың маңайында тас жол да жоқ. Көлімгінің дөңгелегі түссе, сол жерде қаласың.
Әуезов даңғылынан Лихарев көшесіне дейінгі қиылыстағы жұмыстар қыркүйек айында аяқталған. Қазір мердігерлер өзге учаскелерде жұмыс істеуде. Ауа райы суытпай тұрып ауқымды жұмыс жүргізуді мақсат етудің жол сапасына ықпал еткені қалай?
- Тас жолдың сапасына бола комиссия тексеру жұмыстарын жүргізді, - дейді Өскемен қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Руфат Акрамов. - Мердігер ұйыммен келісімшарт келесі жылға дейін жасалған. Бұл кемшіліктердің барлығын есепке алдық. Олар келесі жылы жөнделеді. Құрылыс нормалары бойынша, белгілі ауа райына байланысты тас жол төсеуге болады. Қазіргі басты мақсат- кезекті учаскедегі жұмыстарды аяқтау.
Қалалық ТҮКШ бөлімі келесі жылдың бірінші мамырына дейін барлық кемшіліктерді жою туралы бұйрық берді. Ал 9 мамырға дейін жөндеу жұмыстары толық аяқталуға тиісті.
Дәл осындай жағдай Бажов көшесінде биыл орын алған. Жаңа жолмен жүріп шыққан облыс әкімі Даниал Ахметов жөндеу жұмысының сапасыз орындалғанын ескерткен.
- Бажов көшесі бойынша мердігерлер барлық кемшіліктерді жойды. Мұнымен қоса, бізде кепілді мерзім бар. Егер қосымша кемшіліктер болса, жұмыс қайта жасалады, - дейді Руфат Акрамов.
Ағымдағы жылы қаламыздың көптеген өңірінде тас жолдар жаңартылды. Жұмыстың басым бөлігі келесі жылы аяқталады.