ШҚО-да мал ұрлығын қалай азайтамыз?
Елде орын алған қылмыстардың 70 пайызы ұрлыққа тиесілі екен. Былтыр 354 мал ұрлығы болса, биыл 237 мал ұрлығы орын алған
Қазіргі уақытта ұрылар малды қорадан емес, жайылымнан айдап әкетуге әуестеніп алған.
Мал бағу - тек қазақтың ғана бағына бұйырған шаруа. Алайда бұл бақ па, әлде сор ма? Өйткені мал ұрлатып, сан соғып қалатын қазақтарымыз көп. 90-жылдары үйге баса-көктеп келіп, қарапайым қазақтың басына әңгіртаяқ ойнатып, әлімжеттікпен малын тартып алатындар көбейген болатын. Қазіргі таңда мұндай қарақшылық қылмыстың тамырына балта шабылған.
Мал мінезінің қыр-сырын бір адамдай танитын қазақ халқы кей уақытта «бір айғыр бір үйір жылқыға ие болады» дейді де баяғы қазақшылыққа басып, сақтыққа мән бермей жүре береді. Алайда айғыр үйірді қасқырдан қорығанымен, қарақшыдан қорғай алмайды.
- Былтырғы жылы 354 мал ұрлығы тіркелсе, оның ішінде 240 ұрлық өріс пен жайылымда орын алған. 114 ұрлық қорада жасалған. Сол сынды биыл 237 мал ұрлығы орын алса, оның 167-сінде малды бағусыз, қараусыз жерінен алып кеткен. Яғни, жоғалған малдардың 80 пайызы жайылымда ұрланады. Қорадан ұрланған малдардың саны аз. Өйткені ұрылар үшін малды қорадан «қаққанға» қарағанда, жайылымнан айдап кету әлдеқайда оңай. Сондықтан мал иелеріне сақ болуды ескертеміз, - дейді ШҚО Ішкі істер департаментінің криминалды полиция басқармасының басшысы Нұркен Көпжасаров.
Ұрланатын малдың көбі ірі қара мен жылқы екен. Себебі ірі қара мен жылқы, көбінесе, қараусыз жүреді. Оның үстіне, бұл түліктердің еті де мол, саудасы да қымбат.
- Шағымданушылардың көбі малдың қашан жоғалып кеткенін білмейді. Бір ай, екі ай, кейде үш айдан кейін келіп, арыз түсіреді. Өйткені бақташының өзі де малға қарамағандықтан, оның қашан жоғалып кеткендігін білмейді. Қылмыстың ізі суып үлгереді. Мұндайда қылмыстың бетін ашу - қиынның қиыны, - дейді полиция полковнигі Нұркен Көпжасаров.
Күз айларында мал ұрлығы көбейе бастайды. Өйткені күзде мал да семіріп, ел де соғымға дайындалады. Шаруалар семірген түлігін саудалауға кірісіп, бала-шағасын қысқа даярлап, оқуға әзірлейді.
Ал полиция қызметкерлері болса, тұрғындар малына ие болып, күзетіп жүруге дағдыланса, қылмыс әлдейқайда аз болатындығын айтады.
- Малын кезекке қосып бақсын немесе шопан, бақташы, жылқышы жалдасын. Тым болмаса, өзі бақсын. Өз мүлкімізге ие болуды үйренуіміз керек. Мал жоғалатын болса, бірден полицияға хабарлассын. Маңайдағы жағдайларға да мән беріп жүру керек. Бөтен көлік көрсеңіз, нөмірін жазып, маркасын есте сақтап қалыңыз. Бөгде адамды байқап қалсаңыз да белгілерін есте сақтаңыз, - дейді Нұркен Тұрмышұлы.
Ұрылардың көпшілігі қолды қылған малды сойып, базарға сатып жіберетін көрінеді. Базар маңы мен сойыс алаңында бейнебақылау қойылмағандықтан, қылмыстың бетін ашу қиынға соғады. Ал саудагерлер болса, ұрланған малды арзан бағаға сатып алатын көрінеді.
Былтыр полиция қызметкерлері мал ұрлаған 118 ұрыны ұстап, 428 бас малды тапқан. Ал биыл 240 бас мал иесіне қайтарылған.
- Полиция қызметкерлері ұрланған малды табу үшін аянбай жұмыс жасаса да, тұрғындардың жауапсыздығы бізді тығырыққа тірейді. Жоғалған малды табу үшін тікұшақ жіберіліп, көлікпен ізделеді. Мұның барлығы артық шығын әрі уақытты талап етеді, - дейді полиция полковнигі.
Осыған орай, заңнамаға тәртіп сақшылары азаматтарды өз мүлкіне жауапкершілікпен қарауға міндеттеу жөніндегі бап енгізуді ұсынып отыр. Яғни, адамдар өз мүлкін қараусыз қалдыру арқылы жоғалтатын болса, өзі кінәлі деп танылады.
- Өйткені тұрғындардың көбі өз мүлкіне жауапсыз қарайды. Малды өріске қараусыз жіберген - жауапкершіліктен жалтарған болып саналады. Егер мал бағусыз қалып ұрланатын болса, мал иесі айыппұл төлейді. Бұл полиция қызметінің уақытын үнемдеуге, шығынды азайтуға көмектеседі, - дейді басқарма басшысы.
Тәртіп сақшылары мал ұрлығының алдын алудың бірнеше әдістерін атап өтті. Ең алдымен, немқұрайлылық танытпай малдарын түгендеп жүру, бақташылармен еңбек келісімшартын жасай отырып, мал бақтыру. Екіншіден, мүмкіндік келсе, жылқы, ірі қара малдарға GPS-сырғылар мен трекерлер тағу. Бір үйір жылқының тек айғырына ғана GPS-трекер тағу арқылы қаражат үнемдеуге болады. Мұндай құрылғылардың бағасы нарықта 10 мың теңгеден басталады.
«Сақтықта қорлық жоқ», «сақтансаң, сақтаймын» деген даналықты қарапайым қазақ баласы үнемі есте ұстап, өзінің күнкөріс тұрмысына тиянақты қараса игі.