Бейәдеп шенеуніктер әлі де көп
ШҚО-да мемлекеттік қызмет тәртібін бұзған 2016 жылы 8 рет кезекті отырыс өтіп, тәртіп бұзған 29 шенеуніктің ісі қаралған
2016 жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаменті мемлекеттік қызмет тәртібін бұзған 27 шенеунікті жауапкершілікке тартқан. Олардың бірі қызметтен босаса, енді бірі сөгіс алған, ал кейбірі жемқорлыққа қатысы бар деп айыпталған.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Шығыс Қазақстан облысындағы Әдеп жөніндегі кеңесі 2016 жылы 8 рет кезекті отырыс өткізіп, тәртіп бұзған 29 шенеуніктің ісін қараған. Оның тек екеуінің ғана заңсыз әрекеті дәлелденбегендіктен, жауапкершілікке тартылмаған. Оның ішінде 12 шенеунік өзінің жұмысына салақ қарағаны үшін жауапкершілікке тартылса, 15 шенеунік мемлекеттік қызметкердің Әдеп кодексін бұзғаны үшін жауапқа тартылған.
- Ал биыл 26 мәселе қаралып, 49 мемлекеттік қызметкерге өз жұмысына мұқият қарауға кеңес берілді. Қызметтік тәртіп бұзған 11 шенеуніктің ісі қаралды, - дейді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаменті басшысының, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасының міндетін атқарушы Қайрат Сапарғалиев.
Он бір шенеуніктің тоғызы жауапкершілікке тартылған. Оның бесеуі қызметтік бабын асыра пайдаланғаны үшін, жеке және заңды тұлғаларға кедергі келтіргені үшін айыпталса, төрт қызметкер Әдеп кодексіндегі нормаларды орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылған.
Атап айтқанда, «ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша байланыс және ақпараттандыру инспекциясы» мекемесінің басшысы Александр Шабалина, ШҚО бойынша экология департаментінің басшысы Дмитрий Кавригин және оның орынбасары Қанапия Бохаев, Индустриалды даму және өндірістік қауіпсіздік департаментінің басшысы Аблайкан Закарьянов жауапкершілікке тартылған.
- Мұның ішінде кәсіпорынның экологиялық талаптарды орындауын қадағаламағаны үшін Дмитрий Кавригинге, тау-кен өндірісі кәсіпорындарының заңсыз әрекеттерін тексермегені үшін Аблайкан Закарьяновқа сөгіс жарияланды, - дейді Қайрат Сапарғалиев.
Аблайкан Закарьянов биылғы сәуір айында жемқорлыққа қатысы бар деп айыпталып, тұтқынға алынған болатын.
Сонымен қатар, ШҚО Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мәди Отарбаевқа бейәдеп қылық көрсеткені үшін қатаң сөгіс жарияланса (кейін қызметтен кетті), «Өскемен қаласының жер қатынастары бөлімі» мекемесінің басшысы Бағдат Акрамов жерді дұрыс үлестірмегені үшін, Көкпекті ауданы құрылыс, жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Мақсат Қапшықов қызметін толықтай атқара алмағаны үшін қызметтен аластатылған.
Зырян қаласының әкімі Аркадий Исаев пен кәсіпкермен негізсіз дауласқаны үшін Бородулиха ауылдық округінің әкімі Мұрат Арғымбаев та жауапкершілікке тартылған.
Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметкерлерді қадағалау мақсатында әлеуметтік желілерге де мониторинг жүргізіліп отырады.
- Жүргізілген мониторинг қорытындысына сәйкес, Шығыс Қазақстан облысы бойынша 126 мемлекеттік қызметкердің әлеуметтік желі парақшаларында мемлекеттік қызметкердің жалпыға ортақ моральдық-әдептілік бейнесіне жат 309 бейне сурет жариялағаны анықталды, - дейді Қайрат Сапарғалиев.
Нәтижесінде 51 мемлекеттік қызметкер тиісті тәртіптік жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 49 шенеунікке ескерту берілсе, біреуіне сөгіс жарияланған.
- Мемлекеттік қызметкерлердің әлеуметтік желіде жарияланған фотосуреттері ғана мониторингке алынады, - дейді Қайрат Сапарғалиев.
Сонымен қатар, облыста 5598 мемлекеттік қызметкердің 5580-і жыл сайын тапсыратын арнайы аттестациядан өте алған. Ал 301 қызметкерге қызметін жоғарылатуға ұсыныс жасалса, 49 қызметкерге қызмет мансабын төмендетуге, ал 16 қызметкерді жұмысынан босатуға ұсыныс берілген. Нәтижесінде 16 қызметкердің 15-і қызметтерінен босаған.