Өскеменде тәулігіне COVID-19 ауыруынан 20-дан 30-ға дейін адам ауруханаға түседі
ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Омарбеков қалыптасқан эпидемиологиялық жағдай туралы айтып берді
Әлеуметтік желілерде Өскемен қаласының ауруханаларында COVID-19 вирусын жұқтырып ауырған науқастарды жатқызатын орын жоқ деген ақпарат тараған болатын. Желіде желдей ескен видеода медицина қызметкерлері ауруханаға келгендерді жатқызуға орын жоқтығын айтып, науқастарды кіргізбей кері қайтарып жатқаны көрсетілген.
Осы мәселеге орай Шығыс Қазақстан облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшылығы журналистерді жинап, брифинг өткізді.
Әлеуметтік желілерде тараған видеода жұқпалы аурулар стационарының арнайы форма киген дәрігерлері ауруханаға келгендерге орын жоқ екенін түсіндіріп, ауруханаға жатқызудан бас тартқан. Тіпті видеода дәрігерлердің Зайсан ауданынан келген ер адамды қабылдамай, "Мүлде орын жоқ", "Реанимация, бәрі толық", "Скорыймен келіп тұрмын, екі адам әне отыр", "Скорыйдың бәріне отмена беріп жатырмын", "Әзірге орын жоқ, мүмкін кешке қарай болады", "Тіпті, толық емделмеген науқастарды да емханадан ертерек шығарып жатырмыз" деген сөздерін естуге болады.
Алайда облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшылығы бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Әлеуметтік желіде тараған видеода мәселе толық көрсетілмеген. Тек үзінділері ғана алынған. Видео монтаждалған, дәрігерлердің сөзі толық берілмеген. Біздің стационарларымызда орын саны жеткілікті, коронавирусты емдеуге арналған дәрі-дәрмектердің екі айлық қоры қамтамасыз етілген. Диагностика жасау және емдеу хаттамасында белгілі бір ерекшеліктер бар. Оларға сәйкес, кейбір науқастарды үй жағдайында, кейбір науқастарды стационар жағдайында емдеу қажет. Егер сізде дене қызуы немесе басқа да белгілер пайда болса, бірден ауруханаға барудың қажеті жоқ екенін түсіну керек. Тұрғылықты жеріңіз бойынша емханаға қоңырау шалыңыз, учаскелік дәрігерді шақырыңыз. Жағдайыңыз нашарлаған жағдайда ғана дәрігеріңіз ауруханаға жатқызу мәселесін шешетін болады. Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысында 3709 инфекциялық төсек-орын орналастырылған, ауруханаларда 720 адам емделіп жатыр. Облыс бойынша төсек қорының жүктеме пайызы 19,4%-ды құрайды. Атап айтқанда, Өскеменде стационарларға 1240 адамды орналастыру мүмкіндігі бар, ал қазіргі уақытта 464 тұрғын ауруханаға жатқызылған. Бұл төсек қорының жүктеме пайызы 37,4%-ды құрайды, - деп түсіндірді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Омарбеков.
Ермек Сембайұлы сөзінің дәлелді болуы үшін тілшілерге КВИ-мен ауырған науқастар жатқан "қызыл аймаққа" кіріп көруді ұсынды. Әріптестеріміздің бірқатары арнайы форманы киіп, емхана ішіне кіріп шықты. Өскемен қаласының №4 қалалық ауруханасының бас дәрігері Сергей Попов дәл қазіргі сәтте ЖРВИ және тұмаудың эпидемиологиялық кезеңі өршіп тұрғандықтан емханалар мен стационарларға жүгінетін адамдар саны көбейгенін айтады.
COVID-19 - бұл респираторлық инфекция, оның диагностикасы мен емдеудің клиникалық хаттамасы бар. Стандартқа сәйкес үйде немесе стационарда емделетін науқастар бар. Стационарға жатамын деп келген адамның барлығын жатқызу мүмкін емес. Әуелі көрсетілімдерін қарайды. Соған орай дәрігерлер бас тартуы да мүмкін. Республикалық стандартқа сәйкес ПТР-тесті оң нәтиже көрсеткен науқастар күнделікті учаскелік дәрігердің бақылауында болуы керек, жағдайы нашарласа, стационарға жатқызу мәселесі қаралады. Қазір "өкпем қабынды ма, қабынған жоқ па? Соған көз жеткізейін" деп КТ-ға түскісі келетін адамдардың қатары көбейген. Негізі, симптом белгілері байқалғанға дейін, яғни бес тәулікке дейін КТ-ға түсуге болмайды. Температура білінген алғашқы бір-екі күнде ауруханаға жатуға асықпаған жөн, - деді ол.