Этот сайт собирает метаданные пользователя (cookie, данные об IP адресах и местоположении). Это необходимо для функционирования сайта.
Продолжая пользоваться сайтом, Вы даете согласие на использование ваших cookie-файлов.
Қалыңмал деген не еді? Ол – тұрмыс құрып ұзатылатын қыздың әке-шешесіне қыз жасауы үшін үйленетін жігіттің ата-анасы төлейтін төрт түлік мал мен қымбат, бағалы, құнды дүниелер
Шығыс қызының қалыңмалы - 1 жылқы
- Қазір бізде қалыңмал 1-1,5 миллион теңге шамасында. Одан бөлек ананың сүті, ананың аялы алақаны, күйеудің кәдесі деген жөн-жоралғылар да бар. Соның бәрін қосқанда, ары кетсе, 2 миллионнан асады, - дейді үйленейін деп жүрген Жетісайдың Есенғали есімді жігіті.Шымкенттің қалыңмалы қымбат болғандықтан оңтүстіктегілер қыздарын ақшаға сатады деген түсінік те қалыптасқан басқа облыстарда.
- Бізде қыздың ата-анасы қалыңмалдың үстіне ақша қосып жасау дайындайды. Қыздарына жасауды тіпті бірнеше жүк көлігімен жөнелтетін ата-аналар бар. Бір үйге қажет барлық техника, жиһаз, бұйым, төсеніш, ыдыс-аяқ, жастардың төрт мезгіл қымбат әрі сапалы киімдерін береді. Оны абыройы үшін емес, аялап өсірген қызы жат жұртта қиналып қалмасы үшін жібереді, - дейді Леңгір ауданының тұрғыны Гүлнәр Әбдіжаппар.Қызылордалықтар да қазақы қалыптан айнымаған, тегі таза ел болғандықтан ата салтты берік ұстанады. Десе де қалыңмалға келген кезде бұл өңірде қатып қалған баға жоқ.
- Орташа 1 миллион теңге делінеді негізі. Одан асырып та, аз да беріп жатады. Алайда арнайы тұрақты қалыңмалдың құны жоқ. Екі жақ келісіп өздері бір шешімге келеді, - дейді өз қалыңмалы миллионнан асатын Гүлайым есімді ақмешіттік қарындасымыз.Батыс Қазақстан облысында қызға қалыңмал бермейді, қалыңмал алмайды. Ақтөбе, Атырауда да қалыңдықтың малы туралы әңгіме қозғалмайды екен. Бірақ бұл "Ақтөбенің қыздары тегін" деген сөз емес. Себебі "қалыңмал" деген салт атымен жоқ. Ақтөбе халқы көбіне-көп екі жастың тойын дүркіретіп өткізуді ойлайды. Сол үшін тойға қатты шығындалады. Олардың басты кәдесі - "Ана сүті". Мұның өзін шама-шарқыларына қарай 100 мың теңгеден 1000 долларға дейін, кейде одан да асырып беріп жатады. Ақтөбе облысының 12 ауданындағы 12 рулы елдің қыз алу, қыз беру дәстүрі 12 түрлі орындалады деседі білетіндер.
Ең қымбат қалыңмал қай жақта?
- Менің қалыңмалымды әкем 5 миллион деген. Егер Қытайда жүрген болсам, 10 миллионнан төмен түспеуші еді. Бұрынғы кезде қалыңмалға 500 жылқы, 100 түйе, 1000 қой беретін. Құда болып келгендердің бәріне бір-бір ат жетектететін. Қазір "той малға" деп 1 түйе, 1 сиыр арнаса, қалыңмалға деп 10-15 миллион теңге ұсынады немесе ол бір қоралы қой деп саналады. Осыған орай ұзатылатын қыздың жасауы да соған лайық болуы шарт. Басқұр, текемет, төр көрпе, төр жастық, құс жастық, үкілі домбыра, мүйіз сапты пышақ, ыдыс-аяқ – осылардың бәрі де сапалы болуын, қыздың артынан сән-салтанатымен баруын мықтап қадағалайды. Қалыңмал сұрайтын кезде қыздың тазалығына, мінезіне, өнеріне, тектілігіне, әке-шешесінің ел ішіндегі беделіне, атақ-абыройына да аса мән береді. Алайда жігіт жетім болса немесе жағдайы өте төмен таптан шықса, екі жас бір-бірін қатты жақсы көріп қосыламыз деп шешсе, кешіріммен қарап қалыңмал сұрамайды. Тек ондай кездер өте сирек, - дейді Гүлжан Ықыласқызы.
Қалыңмал – бақытты жанұя болудың кепілдігі
- Айлығы шайлығына жетпей жүрген көп жастар қалыңмалдың салдарынан шаңырақ көтере алмай жүр. Себебі қыздың ата-анасы миллиондармен есептеседі. Тек қалыңмалға қанша миллион келсе де, сол ақшаның үстіне 2 есе ақша қосып, қарызданып-қауғаланып, қыздың артынан дүние апарады. Бос әурешілік кімге керек? "Елден ұят болмасын, қызына түк бермепті" деген жұрттың әңгімесінен қашқан жалаң ұят пен жалған намыс осы хәлге жеткізіп отыр, - дейді Сая ханым.Этнограф И. Ибрагимов болса қазақтың қалыңмал дәстүріне басқаша қарайды.
- Қазіргі таңда жастар арасында ажырасу көп. Оның алдын алу үшін қалыңмал салтын мықтап қолға алу керек деп ойлаймын. Үйленетін жастар жауапкершілікті сезінулері тиіс. Қалыңмал – олардың бірге болуларына материалдық кепілдік болмақ. Сондықтан мұны заңмен бекіту қажет, - дейді тарихшы.Негізінде, қыз жақ қалың беретін жігіт жақты қатты қинамаған. Күйеудің әке-шешесі көрпесіне қарай көсіліп қалыңмалын төлесе, қалыңдықтың ата-анасы мен туған-туыстары құдаларына киіт кигізіп, қыз жасауын береді. Осылайша екі жастың отау тігіп, аяққа тұрып кетулеріне жәрдемдескен. Қазақтың "Теңін тапса тегін бер" деген мақалы да ел арасында әлі күнге шейін жиі айтылады. Халқымыз осы бір ережені ұстанып, қыздарын өз теңіне қалыңмалсыз, тегін беретін жағдайлар да кездескен. Әйтсе де, "Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды" - деп ата салттан аттамауды да дәріптеген. Өйткені қалыңмалдың сыртында той мал, сүт ақы, әке күші, күйеу ілу, өлтірі секілді көптеген кәделер мен жоралар болады. Кеңес үкіметі кезінде «қалыңмал – қызды малға сату» деп теріс бұрмаланып келді. Қалыңмал – қыздың құны емес, ата-ананың төккен тер, еткен еңбегінің мыңнан біріне ғана арналған алғыс сыйы. Қалыңмал алып, шекесі шылқып байыған қазақты көргеніміз жоқ. Қазақ қызға еншіге жер бөлмейді, ал мал-мүлік, дүниені аямайды. Шынтуайтында, қыздың жасауы қалыңмал мөлшерінен бір мысқал кем болмаған. "Жасаусыз келін" атанбас үшін қазақ қыздың жасауына зор мән береді. "Алты жастан жинаса асады, жеті жастан жинаса жетеді" деп апалары мен шешелері жасауды ерте кезден қамдайды. Жақсы дүниесін, асыл бұйымын қызға сақтайды.