Өскемен
малооблачно
-13°
  • Өскемен
    -13°
  • Алматы
    +2°
  • Астана
    -6°
  • Ақтөбе
    -2°
  • Актау
    +8°
  • Орал
    +1°
  • Қарағанды
    -3°
  • Көкшетау
    -9°
  • Қостанай
    -7°
  • Қызылорда
    +2°
  • Павлодар
    -11°
  • Петропавловск
    -9°
  • Тараз
    -3°
  • Туркестан
    +1°
  • Шымкент
    +3°
$
498.34
519.72
¥
68.79
4.85
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО Аян Қалымбек
Ақпарат көзі:
Устинка

Сырғанақтың соңы - көліктің жолы

Өскемен қалалық ТЖБ қызметкерлері қаладағы қысқы демалыс орындарына тексеріс жүргізді. Біз де құтқарушыларға ілесіп, Согра кентінің 9-ыншы шақырымындағы биік жотаға, Самар тас жолының бойындағы жұрт "Шешек" атап кеткен "атақты" сырғанаққа барып қайттық

Сырғанайтын да жер емес. Қар әлі қалың жаумаған соң, қотыр-қотыр қорым тас-тар әр жерден жарым-жартылай шығып, дөңкиіп жатыр. Құйрығыңызбен барып тірелсеңіз... оңдырмай ауыртып ойбайлайсыз. Айналаның бәрі қараған, ши, тобылғы. Бетіңізді жырып алу былай тұрсын, киіміңізді жыртып аласыз. Сырғанай-сырғанай жүгермектер салып тастаған, жотаны құлдилаған із - көліктері ерсілі-қарсылы ағылған күре жолға - Согра көшесіне келіп тіреледі. Негізі бұндай жерде сырғанауға мүлде болмайды. Әрине, заң жүзінде үзілді-кесілді тыйым салынбаған соң, балалар қауіпті-қауіпсізге қарасын ба?! Балаларды қойып еңгезердей ересектер мен дардай ата-аналардың өздері де ойынның қызығына батып кеткен. Екі аяқты көтеріп алып, екі қолды сермеп тас-тап, екі көзі оттай жанып етекке заулап кеткенде, үлкен жолға үш-ақ метр жетпей барып тоқтайды. Тоқтағанда да, дөңгелек баллондарда тежегіш қайдан болсын, бәтеңкесімен жер сызып отырып үстіндегі адам тоқтатады. Егер ешбір бөгетсіз салмақпен ағындап кете берсе, зуылдаған бір көліктің доңғалағының астынан бір-ақ шығуы немесе тура ортада қаққан қазықтай тұрған электр бағанасына барып соғылуы ғажап емес. "Ақыры тұрғындардың сырғанауына тыйым салынбаған екен, айыппұл белгіленбеген екен, онда неге адам өмірі қымбат болса, жоқ дегенде жол жиегін қоршап қоймайсыздар?" деп сұрадым қасымдағы ТЖБ қызметкерінен.
- Ол қалалық әкімдік жауап беретін сұрақ. Айыппұл сала ма, салмай ма, қауіпсіздік шаралары үшін мына жерді қоршай ма, қоршамай ма - әкімшілік айналысатын шаруа. Біздің міндетіміз - тұрғындарға түсіндіру, алдын ала сақтандыру. Тиісті органдарға, жауапты басшыларға бұл жердің қауіпті екенін баяндау, - деді Өскемен қалалық ТЖБ жоғары офицері Валентин Литвиненко. 

өзекті - фотоны автор ұсынды (Согра кенті 9-шақырым)(31).jpg

Екі өлім де сабақ болған жоқ


Естеріңізде болса, 2020 жылдың қаңтарында Бесқарағай ауданында 
ойыннан от шығып, қайғылы оқиға орын алған. Қысқы демалыстарын қызықты қылмақ болған екі жігіт өздері отырған дөңгелек баллонды автокөлікке тіркеп сүйретіп қойған. Үлкен жолда қарсы алдарынан шыққан көліктің астына түсіп, сол жерде тіл тартпай бақиға аттанған. Шешектегі сырғанақта да былтыр бір қыз қаза тапқан. Биіктен жоғары жылдамдықпен сырғанап түскен бойжеткен баллонын тежей алмай қалып, тас жолға бір-ақ ұшып шыққан. Дәл сол мезетте алыстағы көлік те қатты келе жатқандықтан тоқтай алмай, жолындағысын "жайпап өткен". Қазір қыс енді басталды. Қыстың нағыз қызығы мен құтқару қызметінің шыжығы алдағы 2 айда болайын деп тұр.
- Ата-аналардың назарын әсіресе мына нәрселерге аударғымыз келеді: сырғанақ үшін тұрғындар арнайы белгіленген жерлерді емес, өз өмірлеріне қауіпті аймақтарды таңдап алады; балалар әке-шешелерінің немесе үлкендердің қарауынсыз жүргендіктен, ойынның шегін білмейді; бір ғана баллонға мінгесіп 2-3 адам отырып алады. Мұндай кезде сырғанақ-батут әншейін төңкеріліп қалса да жарақат алып қалу өте оңай; сырғанақ-батут өте тез жылдамдық алады. Ал оны басқара алмай, тізгінге ие бола алмай қалатын адамдар да бар, ол барлық жерде, барлық адамдарда болатын жағдай; жасөспірімдер мен үлкендер баллонды көлікке тіркеп сырғанаймын деп, жол-көлік апатына жиі түсіп жатады, - дейді Өскемен қалалық ТЖБ аға офицері Аслан Қапаев.

Кішітаудың таулары - футбол алаңы

Жұмыс күндері, демалыс күндері деп таңдамай балалармен қоса ата-аналар жиі баратын тағы бір қауіпті, рұқсат етілмеген жер - жаңадан бой көтерген 19-ыншы мөлтек аудандағы Қазыбек би мен Ілияс Есенберлин көшелерінің қиылысындағы жотаны өрлеп көтерілетін жол. Күннің көзі жылт етіп, сәл жылынса болды шоқының басына қарай лап қоятын балалар көбейеді. Олардың қауіпсіздігін ойлап уайымдай ма, жоқ өздері де сырғанап көргісі келе ме - әке-шешелері, аға-әпкелері бірге шығады.

өзекті - фотоны автор ұсынды (28).jpg


Сенбі, жексенбі күндері таңғы асты түсте ішіп отырып, терезеден тысқа көз тас-тайтыным бар. Осы демалыста жиыны 30 шақты қара-құра халықтың кіші төбеде топырлап жүргенін көрдім, терезені ашып шуылдап жатқанын естідім. Ұялы телефонды қалтама сала салып, ұялмай жетіп бардым да, үгіт-насихат жүргізіп кеттім. Суретке тартып бастағанымнан ба, айтып-айтып тастағанымнан ба, әйтеуір біртіндеп тарай бастады. Мұнда алысы - Есенберлин: 4, 6, 8; әл-Фараби: 34, 36, 40; Көкжал Барақ: 2, 4, 7; жақыны - Есенберлин: 10, 19, 21, 23; Қазыбек би: 38, 40, 42, 48, 50, Өтепов: 41, 43 мекенжайында тұратын "кішітаулықтар" жиналыпты.
- Балалар бір уақ болсын ақ ұлпа қарда алысып, шана теуіп жарысып ойнағысы келеді. Төрт қабырғаның ішінде қамалып отырғанға біздің етіміз үйренген. Ал балаларға еркіндік, кеңдік керек. Мезгілдің рахатын сезінсін деп сыртқа ойнауға жібереміз. Кейде ілесіп бірге шығамыз. Ұлымның мына жаққа келіп, сырғанап жүргенін мен әу баста білгем де жоқ. Түнеугүні артынан далаға шығып, ары іздеп, бері іздеп ауладан таппай қойсам, осы жерде жүр екен, - дейді Қазыбек би көшесі, 48-інші үйде тұратын Бердібек Мырзагелдіұлы.
Етекте арбиған-жарбиған жол талғамайтын көліктердің 4-5-еуі тұр. Бірақ көбі бір қолына баласын, бір қолына баллонын ұстап жаяу жеткендер.
- Жаңа өтіп бара жатып жұрттың сырғанап жүргенін көріп қалдым да, баламды ертіп келдім. Жол үсті екенін көріп тұрмыз, сырғанауға болмайтынын біліп тұрмыз. Енді қайда барамыз? Жа-қын жерде жоқ қой?! Балалар басқа қайда ойнайды? - деді Есенберлин даңғылының басынан келген Қайрат Жаңабілов.
Бұндағы көрініске сырттай қарасаңыз, футбол ойыны елестейді: биіктегі анасы баласын платмасс шанасымаққа отырғызады да, төменге "бір тебеді". Балалары қақпа жаққа "доптай ұшады". Қақпа деген - көлік жолы. Әкелері құшағын жайып допты "ұстап алуға" міндетті. Өйткені тігілген бәйгі - кубок емес, баласының өмірі. Бір әке қанатын жайып, талтайып тұра қалыпты. Жоғарыдан әйелі мен баласы мінгесіп, аққан жұлдыздай зымырап келеді екен. Биіктен жылдамдық алып үлгерген ауыр салмақты әкесі қайдан бөгесін, қақпашы әкені қағып өтті. Үшеуі де көлік жолынан бір-ақ шықты.
- Аталған мәселемен айналысатын нақты мекеме жоқ. Сондықтан біз ТЖБ мен қалалық полиция басқармасы мамандарымен бірлесе отырып, осы мәселені қарастыратын боламыз. Мүмкін өз тарапымыздан сырғанақ орындарына арнайы тыйым салу белгілерін қоямыз. Себебі балалардың тағдыры, өмірі біз үшін өте маңызды. Сонымен бірге, ата-аналар да баласының өміріне жауапкершілікпен қарауы керек. Осы орайда, қала ішінде сырғанақ тебуге болатын арнайы рұқсат етілген мұз айдындары бар екенін айта кеткен жөн. Қаламыздағы Комендантка және Комсомол аралдарында сақтық шаралары толық сақталған. Ата-аналарға балаларын сонда апаруға кеңес беремін, - дейді Өскемен қаласы әкімінің кеңесшісі Әлібек Тұрсымбетов.
P.S. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қала әкімдігі бұл жайтты назардан тыс қалдырмауы керек. Өскеменнің көшелері мен ғимараттарына бәленбай миллионға жылтырақ шамдар іліп, шырша орнатқанша, болашақ ұрпақтың аман-саулығын ойлап, қауіпсіз сырғанақ салып берсе игі істердің бірі болмақ.

Следующая →