Өскемен
малооблачно
-13°
  • Өскемен
    -13°
  • Алматы
    +2°
  • Астана
    -6°
  • Ақтөбе
    -2°
  • Актау
    +8°
  • Орал
    +1°
  • Қарағанды
    -3°
  • Көкшетау
    -9°
  • Қостанай
    -7°
  • Қызылорда
    +2°
  • Павлодар
    -11°
  • Петропавловск
    -9°
  • Тараз
    -3°
  • Туркестан
    +1°
  • Шымкент
    +3°
$
498.34
519.72
¥
68.79
4.85
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО Аян Қалымбек
Ақпарат көзі:
Устинка

Қалыңмалды бұрын кімдер берген, қазір кімдер алып жүр?

Қалыңмал деген не еді? Ол – тұрмыс құрып ұзатылатын қыздың әке-шешесіне қыз жасауы үшін үйленетін жігіттің ата-анасы төлейтін төрт түлік мал мен қымбат, бағалы, құнды дүниелер

Қыз жасауы бұрын қандай болған? Оған кебеже, сандық, асадал, төсек-орын, кілем-текемет, сырмақ-алаша, құс жастық, құс көрпе сынды отау жиһаздары; сырға, алқа, сақина, білезік, өңіржиек, балдақ сияқты сәндік әшекей бұйымдар; айна-тарақ, иіссу, ине-жіп, оймақ, жуалдыз, кесте секілді қобдишаға салар керек-жарақ; сәукеле, салы, орамал, қарқара, бүрмелі көйлек, қос етек көйлек, етік, қамзол, кемер, желбегей, шапан, бөрік тәрізді сандыққа салар киім-кешек кірген. 

Қалыңмал ұғымы қашан қалыптасты? Қалыңмал туралы жазбалар Әз Тәуке ханның "Жеті жарғы" заңдар жинағында кездеседі. Жарғы заңында қалыңмалдың құдаласқан екі жақтың әлеуметтік-әлеуеттік жағдайына қарап берілетіндігі жазылған. Мысалы, "бас жақсы" деген қалыңмал – төлемнің ең жоғарғы шегі саналған. Бас жақсыға бәйгенің алдын бермейтін, көкпардың сәні болатын сәйгүлік не арғымақ, берен мылтық, құрыш сауыт, атан түйе немесе қара күшті қара нар енген. Бірақ ол көбінесе бақ-дәулеті шалқыған, ауқатты, бай-бақуатты отбасылардың арасында ғана жүретін. "Қырық жеті", "отыз жеті", "жиырма жеті", "он жеті" қалыңмалында аты аталған мал саны болған. Ал әлеуметтік жағдайы төмен жанұялардың арасында жүретін "дөңгелек қалыңмалға" он бас қара мал кірген.

Шығыс қызының қалыңмалы - 1 жылқы


Қалыңмал десек, есімізге ең бірінші оңтүстік өңірі түседі. Шымкент, Тараз, Қызылорда жұртының қазақы салт-дәстүрді өте қатты ұстанатынын барлығымыз білеміз. Шымқалада қыздардың білім алған жері, оқу ордасы, дипломының бар-жоғы да қалыңмалға әсер ететін көрінеді. Бірақ ол жақта қыздың жасауы мен дүниесін алған қалыңмалдан асырып отырып, артық береді. Бейресми деректерге сүйенсек, бүгінде оңтүстікте қалыңмалдың орташа мөлшері 500 мың мен 5 миллион теңгенің арасында екен.
- Қазір бізде қалыңмал 1-1,5 миллион теңге шамасында. Одан бөлек ананың сүті, ананың аялы алақаны, күйеудің кәдесі деген жөн-жоралғылар да бар. Соның бәрін қосқанда, ары кетсе, 2 миллионнан асады, - дейді үйленейін деп жүрген Жетісайдың Есенғали есімді жігіті.
Шымкенттің қалыңмалы қымбат болғандықтан оңтүстіктегілер қыздарын ақшаға сатады деген түсінік те қалыптасқан басқа облыстарда.
- Бізде қыздың ата-анасы қалыңмалдың үстіне ақша қосып жасау дайындайды. Қыздарына жасауды тіпті бірнеше жүк көлігімен жөнелтетін ата-аналар бар. Бір үйге қажет барлық техника, жиһаз, бұйым, төсеніш, ыдыс-аяқ, жастардың төрт мезгіл қымбат әрі сапалы киімдерін береді. Оны абыройы үшін емес, аялап өсірген қызы жат жұртта қиналып қалмасы үшін жібереді, - дейді Леңгір ауданының тұрғыны Гүлнәр Әбдіжаппар.
Қызылордалықтар да қазақы қалыптан айнымаған, тегі таза ел болғандықтан ата салтты берік ұстанады. Десе де қалыңмалға келген кезде бұл өңірде қатып қалған баға жоқ.
- Орташа 1 миллион теңге делінеді негізі. Одан асырып та, аз да беріп жатады. Алайда арнайы тұрақты қалыңмалдың құны жоқ. Екі жақ келісіп өздері бір шешімге келеді, - дейді өз қалыңмалы миллионнан асатын Гүлайым есімді ақмешіттік қарындасымыз.
Батыс Қазақстан облысында қызға қалыңмал бермейді, қалыңмал алмайды. Ақтөбе, Атырауда да қалыңдықтың малы туралы әңгіме қозғалмайды екен. Бірақ бұл "Ақтөбенің қыздары тегін" деген сөз емес. Себебі "қалыңмал" деген салт атымен жоқ. Ақтөбе халқы көбіне-көп екі жастың тойын дүркіретіп өткізуді ойлайды. Сол үшін тойға қатты шығындалады. Олардың басты кәдесі - "Ана сүті". Мұның өзін шама-шарқыларына қарай 100 мың теңгеден 1000 долларға дейін, кейде одан да асырып беріп жатады. Ақтөбе облысының 12 ауданындағы 12 рулы елдің қыз алу, қыз беру дәстүрі 12 түрлі орындалады деседі білетіндер.

Атырау қаласында "той мал" деп ірі қара мал, мал ұстамайтындар ақшалай 100 000 теңге көлемінде апарады. Ана сүтінің өтеуі деп қосымша 1000 доллардай береді. Батыстағы барлық рәсім, салт-жора, дәстүр-ғұрып сақталатын, бұлжытпай орындалатын тек Ақтау мен Жаңаөзен қаласы болып шықты. Еліміздегі қазақы қаймағы бұзылмаған бірден бір өлке – Маңғыстау облысы. Сәйкесінше, қалыңмалдың бағасы ол жақта да аспандап тұр. Қалыңмалдың өзі 1 миллион теңгеден бастап, "өлтірі, әке күші, ана сүті" кәделерін қосқанда 4 миллионға дейін барады.

Семейде қалыңмалдың орнына "Ана сүті", "Әке күші" деп аталатын мал пұлы жүреді. Құда түскен күйеу жақ осы екеуін қосып, үстіне кілем жауып бір жылқы алып барады. Семейдің келін түсіру тәртібі өзгеше – мұнда "құда түгендейді". Жігіттің туыстары қыз аларда киіт кигізетін қонақтарының тізімін жаздыртады. Қай құдаға қандай жағалы киім, соған сай киім іздеп, қай құдағиға алтын сақина салса, оның саусақ өлшемін сұрап күн бұрын дайындалады.

Шығыста біреулер қалыңмал сұраса, енді біреулер киіт алмасу дәстүрін ұстанады. Өскеменде көбінесе қалыңмалға бір жылқы сұрайды. Бұдан бөлек құдаларға қымбат жағалы киімдермен, алтын жүзік-алқалармен бағалы сыйлық жасайды. Таңғаларлығы, кейде жас келіннің жасауын жаңа үйіне әбден сіңіп болған соң, 1 жылдан соң немесе 1 балалы болғаннан кейін бірақ әкеліп жатады.

Солтүстік аймақтарда қалыңмал төңірегінде дау-дамай, талас-тартыс деген жоқ. Жастардың махаббатын бірінші орынға қоятын ол жақ бір-біріне киіт кигізіп, қызды өсіріп-баққаны үшін әкесі мен анасына кәделерін беріп ырымын жасайды.

Ең қымбат қалыңмал қай жақта?



Енді сіздер қалыңмалы өте қымбат деп жүрген Шымкент пен Ақтаудың өзін басып озған қай жақ екенін, қалыңмалының құны қанша екенін білесіздер ме? Алтайдың арғы бетінде, қазіргі қытай жерінде отырған қазақтардың келін түсіру үшін беретін қалыңмалы ұлттық валютамызға шаққанда 10-15 милиион теңге болады. "Удай қымбат, ақылға қонымсыз" деуіңіз мүмкін, бірақ бұл шындық. Осыдан 3 жыл бұрын ғана Шығыс Түркістаннан Өскеменге оқуға келген, қазір Түркістанда оқып жатқан Гүлжан есімді бойжеткенді сөзге тарттық.
- Менің қалыңмалымды әкем 5 миллион деген. Егер Қытайда жүрген болсам, 10 миллионнан төмен түспеуші еді. Бұрынғы кезде қалыңмалға 500 жылқы, 100 түйе, 1000 қой беретін. Құда болып келгендердің бәріне бір-бір ат жетектететін. Қазір "той малға" деп 1 түйе, 1 сиыр арнаса, қалыңмалға деп 10-15 миллион теңге ұсынады немесе ол бір қоралы қой деп саналады. Осыған орай ұзатылатын қыздың жасауы да соған лайық болуы шарт. Басқұр, текемет, төр көрпе, төр жастық, құс жастық, үкілі домбыра, мүйіз сапты пышақ, ыдыс-аяқ – осылардың бәрі де сапалы болуын, қыздың артынан сән-салтанатымен баруын мықтап қадағалайды. Қалыңмал сұрайтын кезде қыздың тазалығына, мінезіне, өнеріне, тектілігіне, әке-шешесінің ел ішіндегі беделіне, атақ-абыройына да аса мән береді. Алайда жігіт жетім болса немесе жағдайы өте төмен таптан шықса, екі жас бір-бірін қатты жақсы көріп қосыламыз деп шешсе, кешіріммен қарап қалыңмал сұрамайды. Тек ондай кездер өте сирек, - дейді Гүлжан Ықыласқызы.


Қалыңмал – бақытты жанұя болудың кепілдігі



"Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар" дейді біздің дана халық. Алайда ғасырлар бойы сары майдай сақталып келе жатқан ата-бабасының дәстүр-салтын, әдет-ғұрпын тоздыратын кейінгі заман өкілдері емес пе?! Мәселен, драматург Сая Қасымбек қалыңмал дәстүріне үзілді-кесілді қарсы жандардың бірі.
- Айлығы шайлығына жетпей жүрген көп жастар қалыңмалдың салдарынан шаңырақ көтере алмай жүр. Себебі қыздың ата-анасы миллиондармен есептеседі. Тек қалыңмалға қанша миллион келсе де, сол ақшаның үстіне 2 есе ақша қосып, қарызданып-қауғаланып, қыздың артынан дүние апарады. Бос әурешілік кімге керек? "Елден ұят болмасын, қызына түк бермепті" деген жұрттың әңгімесінен қашқан жалаң ұят пен жалған намыс осы хәлге жеткізіп отыр, - дейді Сая ханым.
Этнограф И. Ибрагимов болса қазақтың қалыңмал дәстүріне басқаша қарайды.
- Қазіргі таңда жастар арасында ажырасу көп. Оның алдын алу үшін қалыңмал салтын мықтап қолға алу керек деп ойлаймын. Үйленетін жастар жауапкершілікті сезінулері тиіс. Қалыңмал – олардың бірге болуларына материалдық кепілдік болмақ. Сондықтан мұны заңмен бекіту қажет, - дейді тарихшы.
Негізінде, қыз жақ қалың беретін жігіт жақты қатты қинамаған. Күйеудің әке-шешесі көрпесіне қарай көсіліп қалыңмалын төлесе, қалыңдықтың ата-анасы мен туған-туыстары құдаларына киіт кигізіп, қыз жасауын береді. Осылайша екі жастың отау тігіп, аяққа тұрып кетулеріне жәрдемдескен. Қазақтың "Теңін тапса тегін бер" деген мақалы да ел арасында әлі күнге шейін жиі айтылады. Халқымыз осы бір ережені ұстанып, қыздарын өз теңіне қалыңмалсыз, тегін беретін жағдайлар да кездескен. Әйтсе де, "Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды" - деп ата салттан аттамауды да дәріптеген. Өйткені қалыңмалдың сыртында той мал, сүт ақы, әке күші, күйеу ілу, өлтірі секілді көптеген кәделер мен жоралар болады. Кеңес үкіметі кезінде «қалыңмал – қызды малға сату» деп теріс бұрмаланып келді. Қалыңмал – қыздың құны емес, ата-ананың төккен тер, еткен еңбегінің мыңнан біріне ғана арналған алғыс сыйы. Қалыңмал алып, шекесі шылқып байыған қазақты көргеніміз жоқ. Қазақ қызға еншіге жер бөлмейді, ал мал-мүлік, дүниені аямайды. Шынтуайтында, қыздың жасауы қалыңмал мөлшерінен бір мысқал кем болмаған. "Жасаусыз келін" атанбас үшін қазақ қыздың жасауына зор мән береді. "Алты жастан жинаса асады, жеті жастан жинаса жетеді" деп апалары мен шешелері жасауды ерте кезден қамдайды. Жақсы дүниесін, асыл бұйымын қызға сақтайды.

Сондықтан да, қалыңмалды қыздың бағасы деп ұғынбай, жаңа отаудың үйін толтыратын келіннің жасауының құны, әлпештеп өсірген жанұясының еңбегінің өтеуі деп білейік.
Следующая →