Өскемен
ясно
-12°
  • Өскемен
    -12°
  • Алматы
    +1°
  • Астана
    -3°
  • Ақтөбе
    -3°
  • Актау
    +8°
  • Орал
    -2°
  • Қарағанды
    -4°
  • Көкшетау
    -6°
  • Қостанай
    -5°
  • Қызылорда
    +2°
  • Павлодар
    -11°
  • Петропавловск
    -10°
  • Тараз
    +1°
  • Туркестан
    -3°
  • Шымкент
    +8°
$
498.51
+0.17
522.84
+3.12
¥
68.81
+0.02
4.81
-0.04
ҚР Ұлттық банк курстары

Егер бір оқиғаның куәсі болсаңыз, құқығыңыз бұзылса немесе қандайда бір мәселені көтергіңіз келсе, бізге хабарласыңыз

Өскемен мен ШҚО Өскемен мен ШҚО Назерке Қайролданова
Ақпарат көзі:
Алдаспан

Автобус жүргізушілері неге тапшы?

Бір ғана Өскеменде 300-ге тарта қоғамдық көлік жүргізушісінің орны бос тұр

Бұл тенденция тек Өскеменде ғана емес, еліміздің бірқатар қалаларында да орын алуда. Қаладағы 10 тасымалдаушының ақпараттарына сенсек, қала бағыттарындағы автобустарға 240 жүргізуші жетпейді.

- Қала ішінде 44 автобус бағыты және 12 шағын автобус бағыты бар. 1 автобусқа 1 жүргізуші тиесілі (негізінен, 1 автобусқа 2 жүргізушіден болуы тиіс). Автомобиль көлігімен жолаушылар және жүкті тасымалдау қағидаларына сәйкес, тасымалдаушы барлық бағыттардың қозғалысын жүзеге асыру үшін жүргізушілер құрамының толық болуын қамтамасыз етуге міндетті, - дейді Өскемен ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Нұржан Жапбаров.

Сол сияқты Семей қаласының қалалық маршруттарында да 583 бірлік көлік бар. Алайда қалада қанша қоғамдық көлік жүргізушісі тапшы екені белгісіз. Бұл сұраққа жауап беретін маман да табылмады. Дегенмен бұл мәселе Семейде бар екені анық. Сонда "жұмыссызы" көп елде "рөлге мінерлердің" жоқ болғаны ма әлде бұл жұмысқа халықтың құлық танытпауы ма? Оған себеп те көп сияқты.

"Жол полициясы күн көрсетпейді"

Автобус жүргізушілерінің айтуларынша, жол полициясы себепсіз тоқтатып, автопарк жүргізушілеріне орынсыз айыппұл салады. Екі ортада аялдамаларда автобус күткен қала тұрғындары жолдарынан қалады.

- Ағымдағы жылдың басынан облыс аумағында 17-19 қаңтар аралығында "Автобус" республикалық жедел профилактикалық іс-шарасы өткізіліп, полиция қызметкерлері 496 қоғамдық көлік жүргізушісін әкімшілік жауапкершілікке тартты, оның ішінде Өскемен қаласында - 88, Семей қаласында - 12. Сондай-ақ, Өскемен автобус паркінің лауазымдық тұлғалары 4 рет, Семей автобус паркінің лауазымдық тұлғалары 3 рет әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деп мәлімдеді ПД басшысының орынбасары, полиция полковнигі Жанболат Қалетаев

Осылайша небары 3 күн ішінде 500-дей жүргізуші түтінді қалыптан артық бөлгені үшін, жолаушыларды, багажды және жүктерді тасымалдау қағидаларын бұзғаны үшін, көлікті алдын ала тексеруден өткізбегені, жол көлік құралдарын басқару кезінде телефонмен сөйлескені, маневр жасау қағидаларын бұзғаны, жылдамдық асырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Былтыр да бұл шара аясында 3 күн ішінде 6 автобус паркі әкімшілік жауапқа тартылып, құқық қорғау органдары автобус жүргізушілері жасаған 440-тан астам құқықбұзушылықты анықтады.

Ал бұндай шараларымен "тәртіп сақшылары титықтатып бітті" деп жүргізушілер наразы. Айтуларынша, сақшылар қырық сылтаумен автобустарға айыппұл салуды, таң сәріден тоқтатуды әдетке айналдырған.

- Жол полициясы күн көрсетпейді. Таңғы сағат 6-дан маза бермейтін кездер болған. Ең кемі 5 мың, алды 50 мыңға дейін айыппұл жазып, хаттама толтырады. "Сенің анау дөңгелекке тірейтінің жоқ, сенің апатты белгің жоқ, жүр айыптұраққа" дейді, - деп өскемендік Болат Мамырбеков (аты-жөнін өзгертуді өтінді) есімді жүргізуші наразылығын білдірді.

Осылайша қоғамдық көлік жүргізушілері облыстағы "тәртіп сақшыларына тосқауыл бола ма?" деп зар қақсауда.

- Бізді бағыттың бір басынан екінші басына дейін 2-3 рет жол қызметкерлері ұстайды. Заңсыз сылтау таба береді. Біреуі "орындық жетпейді" дейді, біреуі "түтін шығады", "анау жерің сынық, бір болтың түсіп қалған" дейді. Мұндай қолдан жасалған бөгеттерді жолаушылар да біледі. Жеме-жемге келгенде қарапайым қала тұрғындары зардап шегіп отыр, - дейді Дәурен есімді жүргізуші.

Тәртіп сақшылары не дейді?

Ал тәртіп сақшыларының айтуынша, бұл - автобус паркін жауып тастау немесе қарсы жасалып жатқан шара емес. Бұл тек қана халықтың қауіпсіздігі үшін қолға алынған. Өйткені тек 2019 жылдың басынан бері аймақта автобустың қатысуымен 19 жол-көлік апаты орын алған, оның ішінде Өскемен қаласында - 15, Семей қаласында - 3 жол-көлік апаты.

- Қоғамдық көліктің қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларын болдырмау ШҚО Полиция департаменті басшылығының тұрақты бақылауында. Облыс тұрғындарының жеке тасымалдаушылар ұсынған автобустардың қызмет сапасына көңілдері толмайды, - дейді полиция полковнигі Жанболат Қалетаев.

Жол апатына көп жағдайда жүргізушінің жылдамдықты шамадан тыс асыруы себеп болып жататыны жасырын емес. Ал көлік иелері үшін жылдамдық нормасы қала ішінде негізінен сағатына 60 км, ал жұрт көп жүретін кей тұстарда сағатына 40-50 км құрайды. Мұндай шектеулер жасалғанымен, апат саны азаймай тұр.

- Жол полиция қызметкерлері автобус жүргізушілеріне кедергі жасайды деп естідік. Енді оларды да түсінуге болады - "бәрі қауіпсіздік үшін" деп шыр-пыр, - деген қала тұрғыны Мейрамгүл, тіпті, жүргізушілердің арыз-шағымы орынсыз дегенге келтірді.

Алайда жазаны бұлай күшейте берсе, қоғамдық көліктің тізгініне отыратын адам таппай қалуымыз мүмкін деген үрей де бар.

Жұмыс ауыр, жалақы төмен

Жоғарыда келтіргендей, бір жағы автобус жүргізушілерін жол-пол қызметкерлері қыспаққа алса, екінші жағы жүргізушілердің тікелей басшылары, яғни, тасымалдаушы кәсіпорын оларды адам санатына қоспайды екен. Еңбек ету сағаты артық болғанымен, тапқан нәпақа мардымсыз. Оның үстіне жұмыс берушілер күнделікті түсетін жолақыдан жиналатын жоспардың құнын арттырған. Жұмыс ауыр, жалақы төмен.

- Билет бермей, арнайы киім киюді ұмытып кетсек, не болмаса автобус жуылмай қалса, бізден 10 000 теңге ұстап қалады. Болмайтын нәрсе үшін жұмыстан қуады. Біз күніне 17 сағат жұмыс істейміз, мұның өзі оларға жеткіліксіз, - дейді сан мәрте жүргізушілер мен кондукторлардың жұмыстан кеткеніне куә болған Салтанат есімді кондуктор.

Айналып келгенде бұл мәселенің бір ұшы тек жүргізушілерге ғана емес, кондукторларға да тиетін көрінеді.

Ал қаладағы №55, 53, 54 бағыттарына қызмет ететін "СТ Автосервис" ЖШС директоры Мұрат Жақыпханұлы жұмысшылардың жұмыстан өз еріктерімен кетіп жатқанын айтады.

- Олардың жұмыс уақыты таңғы 5-тен түнге дейін. Жалақылары да аз. Жүргізушілер 90 мың шамасында, кондукторлар 50 мың теңге алады, сол себепті кетіп жатыр. Сондықтан көбінесе зейнетке шыққан адамдар келіседі. Келе салған жүргізушіні де алған орынсыз. "Д" категориясы бар жүргізуші куәлігін алу керек, яғни, автобусты жүргізу оңай емес. Автобусты тәжірибелі мамандар тізгіндеуі керек. Мысалы, біздің өзімізге 15-20 жүргізуші керек. Бүгінде қалалық маршруттарға субсидия бөлінбейді. Онымен қоса, қазір тендер деген жоқ. Жолдардың сапасы да әбден қажытты. Осыдан келіп мәселе туындайды. Техниканың ескіруі, тасымалдаушылар арасындағы бәсекелестіктің жоқтығын атауға болады. Қаладағы автобустардың 20-25%-ы жүргізушілердің жоқтығынан қаңтарылып тұр. Егер субсидиялау мәселесі шешілсе, жүргізушілер мәселесін да шешуге болады. Бізде тариф реттеледі, ал субсидия жоқ. Бұл мәселені сан мәрте көтердім, алайда атқарушы органдар ештеңе шешпеді, - деген Мұрат Жақыпханұлы биліктен кәсіпкерлерге ешқандай қолдаудың болмауы салдарынан ісін жабуды ойлап отырғанын қынжыла айтты.

Иә, тасымалдаушылардың барлығы бірдей материалдық-техникалық базаны жаңарта алмайды. Тиісті субсидиялау болмаса, нарықта заңсыз бәсекелестер болғанда жұмысшылардың еңбекақысын да көтере алмайды.

- "Д" санаты бар кейбір үміткерлер басқа өңірлерден тартылып отыр. Қарасаңыз, тәжірибесі бар, еңбек кітапшасында жұмыс істегені туралы жазба да, мөр де бар. Алайда біліктілігін арттыру орталығына келіп, қарапайым жол ережелерін (психологиялық тест туралы айтпай-ақ қояйын) тапсыра алмайды. Ондай адамдарды ірі қалада жүздеген адамды таситын көлікке қалай отырғызамыз?! - дейді кәсіпкер.

Айта кетейік, 2015 жылы жүргізушілер туралы заң өзгерген. Автобус жүргізушілері "Д" және "Д1" санатты болып бөлінді. "Д1" санатты жүргізушілер тек қана шағын автобустарды жүргізуге құқылы. Бұл да жүргізушілер тапшылығы мәселесін шешуге үлкен кесірін тигізуде.

18 жастан автобус жүргізуге рұқсат беру жағдайды
шеше ала ма?

Мәжіліс депутаты Тұрғын Сыздықов автобус жүргізушілерінің жеткіліксіздігін жастардың көмегімен шешуге болады деп ойлайды. Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында халық қалаулысы экс-премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа "Жол жүрісі туралы" қолданыстағы заңды қайта қарап, бірнеше баптарға өзгеріс енгізу жөнінде ұсыныс айтқан еді.

Сыздықовтың айтуынша, "Д" санатын алу үшін белгіленген жас шектеуі қоғамдық көлік қызметіне кедергі келтіріп, жүргізушілердің жетіспеушілігін туғызуда. Ал он сегіздегі жастар айтарлықтай іске жарамды әрі олар автобус жүргізу сынды көптеген міндеттерді атқара алады.

Айта кетейік, елімізде "Д" санаты (16-дан аса жолаушыны тасымалдау) 25 жастан бастап беріледі, оның үстіне көлік басқару өтілі бес жылдан кем болмауы керек.

P.S. Тағы бір мәселе бар. Келісімшарт бойынша жұмыс істейтін, яғни, штатқа алынбаған автобус жүргізушілерінің банктердегі берешегі жетерлік. Сол себепті көбінесе олар ресми түрде жұмыс істегеннен гөрі, ақшаны "көлеңкелі" жолмен алғанды жөн көреді. Енді осы мақсатта бірқатар парктің басшылығы мен басқармалар жағдайды коллекторлық компаниялармен талқыласа, оларға жүргізушілердің жалақысы көтеріліп жатқанын түсіндірсе, банк алдында қарызы бар көлік жүргізушілерінің қарызды өтеу кестесін қайта қарауды ұсынса, мүмкін біраз жүргізуші жұмысқа қайта оралар ма еді?!

Следующая →