ШҚО-да Тігін кәсіпкерлерінің қауымдастығы құрылады
Кәсіпкерлер мектеп формалары мен балалар киіміне тапсырыс қабылдайды
Шығыс Қазақстанда 50-ден аса тігін кәсіпорны бар. Соларға арнап облыста арнайы қауымдастық құрылды. Бұған, әзірше, Өскемен қаласындағы жеті кәсіпкер ғана мүшелікке енген. Алдағы уақытта Көкпекті, Шемонаиха, Ұлан, Глубокое, Жарма ауданының кәсіпкерлері де енбек.
- Қауымдастық кәсіпкерлердің мүддесін қорғау мен жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту үшін әрі кәсіпкерлердің мемлекеттік сатып алу байқауына қатысуға көмектесу үшін құрылып отыр. Мектеп формалары мен балалар киімін тігуге де атсалысады, - дейді Өңірлік Кәсіпкерлер палатасының адам капиталы бөлімінің басшысы Гүлнар Асауп.
Қауымдастық бастамасымен «Просто Марья» ательесінде оқыту орталығы ашылған. Мұнда колледж түлектері тігін тігуді үйреніп, біліктілік дәрісін алмақ. Алдағы уақытта 120 адам дайындықтан өтіп, жұмысқа орналастырылады деп болжанып отыр.