Өскеменде заңсыз пиротехника сатқандар ұсталуда
Полиция қызметкерлері мен ТЖБ құтқарушылары заңсыз пиротехника сатушылардың өте әккі екендігін айтып отыр
Өйткені заңсыз пиротехника сатқан бір саудагер ұстала қалысымен, өзге тіс қаққан саудагерлер тауарларын тығып үлгеретін көрінеді. Өскемен қаласындағы «Заречный» базарын тексеруге шыққан полицейлер мұнда заңсыз пиротехника сатушылардың көп екендігін, алайда оларды ұстау қиынға түскенін айтады.
- Саудагерлер арасында ақпарат берудің «бірыңғай» тәсілі қалыптасып үлгерген. Егер базарға кіріп бір саудагердің құжаттарын тексере бастасақ, қалған саудагерлер тауарларын жапа-тармағай жинап алады. Егер сатушылардың арасында мұндай «ортақ» байланыс болмағанда, заңсыз тауар сатқан саудагерлердің саны, әлбетте, көп болар еді. Сатушылардың көбі пиротехникалық тауарларды өзге заттармен бірге араластырып сатады. Ал тексере келе, олардың құжаттары жоқ боп шығады, - дейді Өскемен қалалық ТЖБ баспасөз хатшысы Марина Лискова.