Өскемен билігі көмір жоқшылығын мойындамады
Өскемен қаласы әкімінің орынбасары айтып өткендей, қатты отын қоймаларға лайықты көлемде тасымалдануда
Соңғы үш апта бойы Зашита өңірі мен Базовая көшесіндегі теміржол тығырықтары көмір күткен жүк көліктерінің кезегіне толды.
Жүргізушілер көптен күткен отынды алу үмітін үзбей, кезекте бірнеше тәулік қатарынан тұрғанын өкілетті органдарға хабарлаған едік. Мұндай жағдай жұма күні орын алған. Ал сенбі күні Базовая көшесіне көмір тиеген төрт вагон тоқтаған. Қала тұрғындарының біраз бөлігі отынға қол жеткізді. Дүйсенбі және сейсенбі күндері отын тағы таусылып қалған. Бұл жағдайларды Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ермек Қоңырбаев түсіндірді.
- Көмір тапшылығы жоқ, - дейді Ермек Қоңырбаев. - Меморандум бойынша «Қаражыра ЛТД» ЖШС-мен 35 мың тонна әлеуметтік көмір тасымалдауға шарт бар. Бүгінгі таңда 27 мың 331 тонна немесе 78 пайыз жеңілдетілген отын жеткізілді. Сол сияқты Өскемен қаласына 232 мың тонна қарапайым көмір тасымалдауға шарт бар. Бүгінгі таңда 189 мың тонна немесе 82 пайыз көмір тағы тасымалданды. Иә, вагондармен мәселе бар. Бірақ, бұл көмір тапшылығына қатысты емес. Күн сайын бірнеше вагондар қатынайды. Дүрлікпе болмауы керек.
Дегенмен дүрлікпе бар. Адамдардың айтуынша, көмір аздан келеді және олардың біраз бөлігін алып-сатарлар алып кетеді. Оларды кезектен тыс өткізе береді. Билік өкілдері мәселенің шешімін табуға уәде беруде.
Следующая →