Бүркемеленген пара ма?
ШҚО Мемлекеттік қызмет істері департаментінің Әдеп жөніндегі кеңесінде Көкпекті ауданының сәулет, құрылыс, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мақсат Қапшықовқа қатысты іс қаралды
Өңірлік прокуратураға жергілікті кәсіпкерлер шағымдана бастаған соң көкпектілік ТҮКШ бөлімінің жұмысынан кемшіліктер анықталған. Мақсат Қапшықов тендерлік үрдіске қарамастан, ауданда екі ірі жол компаниялары болса да, қысқы жолды қамтамасыз ету үшін жергілікті шаруа қожалықтарымен келісімшарт жасасқан.
Бақылау мекемесінің тексеру жұмыстары анықтағандай, мұндай жолмен барлығы 27 келісімшарт орнатылған. Бұл заңға қайшы, сондықтан ТҮКШ жетекшісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Өңірлік прокуратура қызметкерлері барлығы 19 әкімшілік құқықбұзушылық анықтап, бөлім басшысы миллион теңгеге жуық айыппұл төлеген.
- Мақсат Қапшықов 17 құқықбұзушылық әрекет бойынша 300 АЕК көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды, яғни, 680 мың теңге, - дейді ШҚО Мемлекеттік қызмет істері департаментінің мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының бас маманы Жанболат Муглиев. - Сол сияқты мемлекеттік аудиториялар комиссиясы қысқы автомобиль жолдарының қамтамасыз етілуіне бюджеттен кеткен шығыннан кемшіліктер анықтады. Бұл үшін Мақсат Қапшықов 50 АЕК және 90 АЕК көлемінде әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Мемлекеттік стандарттарға қарамастан Мақсат Қыпшақов мұндай келісімшарттарды қате санамайды. Ол бұрын да осылай жұмыс істегенін ашық түрде айтып берді. Ал профильді компаниялар осыған байланысты істен шығып, қазір банкротқа таяп қалған.
Сайып келгенде, мердігерлердің шамасы жетпей жатқанда қысқы жолдарды тазалауда билікке осы компаниялар көмекке келген болатын.
Сонымен қатар, Мақсат Қапшықов мердігерлерден өз қажеттілігі үшін қарыз алған. Ол екі кәсіпкерден бір жарым миллион қарыз алып, қолхат та жазып берген. Бірақ қарызын тек құқыққорғау органдарына түскен шағымнан кейін қайтарған. Кеңес барысында Мақсат Қапшықов ол адамдардан осыған дейін де қарыз алып келгенін, уақытында қайтарып отырғанын айтып өтті.
Алайда, ШҚО Прокуратура өкілі қарыз туралы нұсқаға күмәнмен қарады және кеңес мүшелерінің көп бөлігі бұл пікірді қолдады. Оның айтуынша, бұл бүркемеленген параға саяды. Себебі, қарыз арнайы органға түскен шағымнан соң ғана қайтарылды.
Нәтижесінде комиссия мүшелері Көкпекті ауданының әкіміне мемлекеттік қызметтің беделін түсіргені үшін Мақсат Қапшықовты жұмысынан босату туралы ұсыныс айту туралы шешім қабылдады.
Авторы: Айдос Мырзахметов