ШҚО: Күршімге көпір керек пе?
Бұрын Күршім ауданында 47-50 адам тұратын. Байланыс, барып-келу мәселесі қаралмағандықтан адам саны жылдан-жылға азаюда
«Адамның күні адаммен» дейді дана халқымыз. Қазақстан Тәуелсіздік алып, заңғар қалалары бой көтере бастағалы халықтың тұрғылықты орнындағы ауыс-түйістер қатты белең алды. Ауылдың адамдары қалаға ағылды. Бұл еліміз көз ашқалы өзгермеген үрдіс. Тіпті, соңғы жылдары жер жетім қалған өлкелердің пайда бола бастағаны аян. Мысалды, алыстан іздемей Күршім ауданынан табуға болады.
Ауданның халық саны соңғы жылдары адам нанғысыз деңгейге дейін төмендеген. Шекаралық өңірге жататын бұл өлкедегі тұрғындар саны екі есеге азайған. Бұл тұрғыда бірнеше себептерді атауға болатын шығар. Зайсан, Үржар сынды аудандардағыдай кәсіпкерліктің шарықтап жатпағанын, сол сияқты жол ортадағы Бұқтырма су қоймасындағы екі жағалауды қосатын жолды атауға болады. Бірақ, бірнеше мәселені, бір шешім тегіс түзеуі де ғажап емес.
- Көпір сұрағы бұрыннан бері айтылып келеді. Шыны керек, ондаған жылдар бойы айтылып келеді, - дейді Күршім ауданының тумасы Айман Тоғызова. - Ата-анам бұл ауданның тұрғындары болғандықтан азық-түлік тасымалына келгенде қиындықтар туындап жатады. Жазда Күршім ауданына барушылар саны көбейгендіктен барлығы паромға асығады. Жол бойындағы иілмелі жолдарда да жүргізушілер бір-бірін ығыстырып, жол оқиғасына тап болып жатады. Сондықтан, бұл көпірдің салынуын әрбір күршімдіктер жылы қабылдар еді.
Бұқтырма су қоймасына көпір салу сұрағы Кеңес үкіметі заманында қозғалған. Ол кездері бұл сөз жүзінде айтылып келсе, қазір бұл сөздерге де жан кіре бастағандай.
- Күршімдіктер бұл көпірдің салынатынына үміт білдіріп отыр, - дейді Күршім ауданы қоғамдық Кеңесінің төрағасы Советхан Искаков. - Бұл сұрақтар облыстық деңгейде өткен көшпелі отырыс барысында кең талқыланған. Кейін қоғамдық тыңдау барысында да жергілікті мекеннің пікірі тыңдалып, қолдау табылған. Бұл мәселенің астарында үлкен әңгіме тұр. Бұрын Күршім ауданында 47-50 адам тұратын. Байланыс, барып-келу мәселесі қаралмағандықтан адам саны жылдан-жылға азаюда.
Марқакөл жеке аудан болғанда халық саны 25 мыңның айналасында болған. Ал Күршім ауданына қосылатын сәтте 22 мың болатын. Жалпы екі аудан қосылған кезде халық саны 47 мыңды құраған. Қазіргі таңда біріктірілген қос аудандағы жалпы халық саны 27 мыңды құрайды. Бұл өз кезегінде кейбір мәселелерге де түрткі болып отыр.
- Қазіргі таңда жобалық сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамаға жіберілді. Сараптама бітісімен, конкурстық құжаттама жасалады. Тек осыдан кейін конкурс жарияланып, мердігер анықталады. Құрылыс жұмысы барысында қаржыландыру үрдісі басталады, - дейді Күршім ауданының әкімі Сейсенғазы Чукаев. - Өңір басшысы қаржыландыру сұрақтары бойынша Еуропалық даму және қайта құру банкімен екі үлкен жиын өткізген болатын. Жуықта бұл жобаны қолдауға бұл банкке хаттама жолданған. Егер бұл үрдістердің барлығы аяқталар болса, биылғы жылы-ақ құрылыс жұмыстарының басталып кетсе екі-екі жарым жыл ішінде көпірдің құрылысы аяқталып бітеді.
Көпірдің құрылысы туралы әңгіме ондаған жылдар бойы қозғалып келеді. Бірақ, бұрынғыдай емес, қазіргі таңда нақтылы істер жасалуда. Аталмыш көпірдің құрылысы бүгінгі таңда көптеген мәселелердің шешімі болмақ. Атап айтқанда жоғарыдағы демография мәселесіне, ауданаралық байланыс орнатуда, сонымен қатар экономикалық негіздемеде көптеген септігі тиері хақ.
- Бұл көпір Зайсан, Зырян, Катонқарағай аудандарына да қажет, - дейді Сейсенғазы Жұмағалиұлы. - Мысалы, кешке Күршім ауданына жолға шыққан адамдар паромға асығады. Түнімен жүруге жағдай болмайды. Бұл кіші және орта бизнеске де көптеген әсерін тигізетіні аян. Кәсіпкерлер де үзбей дүкендерін толтырып тұратын болады. Көпір ауылшаруашылық салаларына да көп әсерін тигізеді. Бізде ауылшаруашылығы қарқынды дамуда. Мал сойылғаннан кейін ет тасымалы да осы паром уақытымен шектеледі. Тіпті жүк көліктеріне де төлем болмайды. Сайып келгенде бұл біріншіден уақытты үнемдетеді. Екіншіден қауіпсіздік жоғарылайды.
Шынымен, қысқы мерзімде паром жабылған соң, кейбір жолаушылар жолды қысқартамыз деген ниетпен мұздың үстімен өтуге тырысады. Суға батқан көлік оқиғалары да жиі кездеседі. Ал көліктерді мұз құрсауынан шығару да бірталай шығынды талап етеді. Сонымен қатар, ең маңыздысы аудандар арасындағы жолдар да қысқаратыны анық.
Авторы: Дос Сапар