Жарма ауданында жаңа темір жол тармағы қосылды
Жарма ауданының 90 жылдық мерейтойы қарсаңында "Полиметалл" компаниясының "Бақыршық тау-кен кәсіпорны" ЖШС Әуезов пен Шалабай кенттері, Шар қаласы үшін үлкен сый жасады
19 қазан күні кәсіпорын төрт жарым шақырымға созылған темір жолды салып бітіріп, ресми түрде іске қосты. Қазірдің өзінде тоғыз станциялық темір жол мен әкімшілік-техникалық ғимарат, жанар-жағармай сақтайтын қойма салынып бітті.
Темір жол тартылған аумақ бұған дейін сортаң топырағы желге ұшып бос жатқан жер болатын, айдалаға темір жол тарту үшін екі жылдай уақыт кетті. Ал қазір бұл маңда заманауи өндіріс ошағы ашылып, қауіпсіз аймақ құрылды.
Темір жол кәсіпорынға қажет
Бақыршық тау-кен кәсіпорнының байыту фабрикасының ашылғанына көп те болған жоқ: төрт ай ғана уақыт өтті. 2018 жылдың шілде айында ашылған алтын байыту фабрикасы жылына екі миллион тонна кенді флотация технологиясы арқылы өңдей алады. Қыркүйек айының басында-ақ кәсіпорын бір тонна алтын өңдеп, тарих бетін жаңартты. Төрт айдың ішінде байытылған жоғары көміртекті кен партиясын екі рет экспорттап үлгерді. Оның бірі Қытай еліне жіберілсе, екіншісі "Полиметалл" компаниясының Хабаровск аймағында орналасқан Амур тау-металлургиялық комбинатына жіберілді. Бақыршық тау-кен кәсіпорны өңдеп берген кен азығы одан әрі байытылып, саф алтындар жасалмақ. "Бақыршықтың" кен өңдеу қуаты күн сайын өсіп келеді, сондықтан байытылған кенді тасымалдау үшін темір жол ауадай қажет. Өйткені фабрика жыл сайын 130 мың тонна дейін дайын өнімді өндіріп шыға алады.
- Темір жолдың ашылуы біз үшін өте маңызды. Тұтынушыларымызға шығарған өнімімізді дер кезінде жеткізіп отыруға жол ашылады әрі кәсіпорынға керек-жарақты да темір жол арқылы жеткізе аламыз. Соның арқасында шығындар азаяды. Аймақтың климаты суық екені белгілі, қыста жолдарды қар басып қалады. Ал темір жол табиғатқа дес бере қоймайды. Жұмыла жүк көтеріп, құрылыс салуға атсалысқан, адал еңбек еткен жандарға алғысымды білдіргім келеді, - деді "Бақыршық тау-кен кәсіпорны" ЖШС директоры Юрий Овчинников ТЖ-терминалының ашылу салтанатында.
Юрия Борисовичтің сөзіне қарағанда, темір жолды салуға жарты миллиард теңге көлемінде қаржы жұмсалған. Нысан жалпы сызбасын Алматылық ұйым жобаласа, құрылысты Өскемен мен Семей қаласының мердігерлері салған.
Әлеуметтік маңызы да бар
Тартылған темір жол Жарма ауданының дамуына зор үлес қоспақ. Әсіресе, Әуезов пен Шалабай кенттерінің, Шар қаласының тұрғындары үшін пайдасы көп. Біріншіден, аудан халқын жұмыспен қамтуға мүмкіндік пайда болды. Бір ғана темір жол терминалының өзіне 42 адам жұмысқа орналасса, жанар-жағармай қоймасына тағы 21 тұрғын жұмысқа алынды.
Темір жолдың ашылуы елді қуантқаны сонша - далада қар жауып тұрса да, жұрт мәре-сәре болып, салтанатты шарадан тараса қоймады. Алтын концентраты толтырылған биг-бэн қаптамалар кәсіпорын тарихында тұңғыш рет вагондарға тиеліп, жолға салынды.- Темір жолдың ашылуы аудан мен ауыл халқына зор үміт сыйлады. Бақыршық тау-кен кәсіпорны ашылғаннан бері халықтың болашаққа деген сенімі оянып, бақуатты өмір сүруге деген құштарлығы артты. Кәсіпорын әлеуметтік нысандарды салуға, оны жөндеуге, ауылды абаттандыруға үлкен көңіл бөлуде. "Полиметалл" компаниясына разылығымызды білдіргіміз келеді әрі алдағы уақытта серіктестігіміз нығая түседі деген сенімдемін, - дейді Шалабай ауылдық округінің әкімі Жанар Есембаева.
- Халық саны бір мыңнан асатын Шалабай кенті үшін темір жолдың экономикалық жағынан пайдасы мол. Ауыл халқына да, кәсіпорынның қызметкерлері мен олардың отбасына да қол ұшын созамыз, - дейді Юрий Овчинников.