ҚР СІМ Сирия бойынша жаңа келіссөздер күнін атады
Астана процесі аясында Нұр-Сұлтандағы сириялық келіссөздердің кезекті раунды 25-26 сәуірде өтеді
Оған Дамаск, Сирия оппозициясы, Сириядағы бейбітшілік режимінің кепілгер-елдерінің өкілдері, сондай-ақ БҰҰ мен Иорданияның бақылаушылары қатысады, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
- 2019 жылы 25-26 сәуірде Нұр-Сұлтанда Астана процесі аясында Сирия бойынша 12-ші халықаралық кездесу өтеді, - деп мәлімдеді Қазақстан СІМ.
Қазақстандық СІМ-де 25 сәуірде Астана процесіне кепілдік беретін елдердің екі жақты және үш жақты консультациялары, сондай-ақ бақылаушы-тараптардың өкілдерімен кездесулер белгіленген. 26 сәуірге пленарлық отырыс тағайындалды.
- Конституциялық комитетті құру және іске қосу жөніндегі жұмысты аяқтауға баса назар аудара отырып, саяси үдерісті ілгерілету жолдарын талқылау - алдын ала күн тәртібінде, - деп хабарлады ҚР СІМ.
Сондай-ақ, келіссөздердің кезекті раунды Сирия бағытындағы ең өзекті мәселелерді талқылауға арналады деп күтілуде, атап айтқанда, қақтығыс тараптары арасындағы сенімді одан әрі нығайту, босқындар мен ішкі орын ауыстырған адамдарды қайтаруға жәрдемдесу, гуманитарлық жағдайды түзету және елді одан кейінгі қалпына келтіру.