Астанада қоғамдық тәртіпті қорғау мақсатында 27 млн теңге бөлінеді
Астана төңірегіндегі ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында 2018 жылы бюджеттен 600 миллион теңгеден астам қаражат бөлінеді
Астана қаласы мәслихатының заңдылық, құқықтық тәртіп және қоғаммен жұмыс жөніндегі комиссиясының отырысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қорғаныс, дін қызметі мен ішкі саясат салаларындағы 2018-2020 жылдарға арналған қала бюджетінің жобасы қаралды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.
Депутаттар мен комиссия алдында баяндама жасаған Астана қаласы әкімдігінің Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерғали Егемберді алдағы үш жылдық кезеңде елордадағы қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қорғау саласына 27, 6 млн теңге бөлінетіндігін жеткізді. Оның айтуынша, 2018 жылы аталмыш мақсатқа 8,8 млн теңге қарастырылған.
«Жоғары қауіпсіздікті қамтамасыз ету елордамызда тұру ыңғайлылығын, оның халықаралық имиджінің ажырамас бөлшегі болып табылады. Осы мақсаттарға бөлінген қаржы негізінен Астана қаласы ІІД-нің барлық қызметтері мен бөлімшелерінің қызметкерлері үшін еңбектің оңтайлы жағдайын жасауға, қажетті мүлікпен, арнайы құралдармен қамтуға және тағы да басқа мүдделерге жұмсалатын болады» – деп атап өтті Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы.
Ерғали Егембердінің мәліметінше, аумақтық қорғаныс және халықты азаматтық қорғау шараларын орындауға үш жылдық бюджет жобасында 9,4 млн теңге қарастырылған. Оның 5, 8 млн теңгесі 2018 жылы бөлінеді деп жоспарланып отыр. Қаражаттың басым бөлігі азаматтарды әскери қызметке шақырудың сапалы рәсімін жүргізу үшін Астана қаласының шақыру пункттерін қажетті ресурстармен қамтуға, аумақтық қорғаныс мүлігі мен азаматтық қорғау құралдарының қорын құруға, сонымен қатар Қазақстан Халқы Ассамблеясының шаралары аясында Астана қаласы әкімдігінің «Қоғамдық келісім» КММ қызметімен қамтамасыз етуге бағытталмақ.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ішкі саясат және Дін істері басқармаларының алдағы үш жылға арналған бюджет жобасына да тоқталып өтті.
«Елорда аумағында ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында 2018 жылы Ішкі саясат басқармасына 1,4 млн теңге, Дін істері басқармасына 6,2 млн теңге қарастырылуда. Шығындар негізінен мемлекет пен халық арасындағы қатынасты нығайтуға, діни ахуалды зерттеу мен саралау шараларына, әлеуметтік зерттеулерге, ақпараттық саясатты жүргізу шараларына бағытталатын болады», - деді Ерғали Егемберді.