"UILI BOLAYIK" қайрымдылық қоры – қаржы пирамидасы болып шықты
Оған 515 салымшы тартылып, 50 млн теңгеден астам қаражат салынған

Қазіргі таңда қаржы пирамидасын ұйымдастырған күдіктіге қатысты тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі ҚМА ақпаратына сүйеніп.
ҚМА Алматы қаласы бойынша департаменті "UILI BOLAYIK" (Үйлі болайық) атты қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты.
Әлеуметтік тұрғын үй бағдарламасы ретінде бүркемеленген бұл жоба аясында ұйымдастырушылар қатысушыларды мүлікті пайызсыз бөліп төлеу арқылы сатып алуға болады деп сендірген. Қатысушыларға салған қаражаты үшін ай сайын 15–30% көлемінде табыс және әр жаңа тартылған адам үшін 10% бонус уәде етілген, - деп мәлімдеді департамент. - Азаматтардың қаражаты екінші деңгейлі банктердегі ұйымдастырушылардың жеке шоттарына аударылып отырған, ал "UILI BOLAYIK қайырымдылық қорының" есепшоттары іс жүзінде пайдаланылмаған және қозғалыссыз қалған.
Нәтижесінде бұл қаржы пирамидасына 515 салымшы тартылып, 50 млн теңгеден астам қаражат жиналған.
Сот санкциясымен күдіктінің банктік шоттарына тыйым салынды. Оған қатысты елден шығуға тыйым салу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасуда.