Алаяқтар Қаржылық мониторинг агенттігі атынан мекемелерге хабарласа бастаған
Алаяқтар азаматтардың жұмыс орындарында белгілі бір адамдарға қатысты тексеру жүргізілетіні туралы хабарламалар таратып, ынтымақтастық орнатуға және құжаттарды ұсынуға шақырады

Сенімге кіру үшін бұл хабарламалар Қаржылық мониторинг агенттігінің логотипі бар қолдан жасалған бланкіде дайындалып, жалған ҰҚК мөрімен бекітілген, деп хабарлайды Устинка LIVE тілшісі.
Одан кейін алаяқтар агент ретінде хабарласып, өздерін Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкері ретінде таныстырып, банктік шоттар туралы ақпарат алуға тырысқан.
Агенттік мұндай тексерулер жүргізбейді, сұраныстар жібермейді және жеке тұлғаларға қоңырау шалмайды. Ақпараттың шынайылығын тексеру үшін Қаржылық мониторинг агенттігіне немесе тұрғылықты жеріңіздегі Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жүгінуге болады. Азаматтарды сақ, ақпаратты ресми дереккөздермен салыстырып, алаяқтардың құйтырқы әрекеттерінен абай болуға шақырамыз, - деп ескертеді Қаржылық мониторинг агенттігі.