Зайсаннан жүз шақты трактор сатып алынады
Облыс әкімі Даниал Ахметов Зайсан ауданында Қытай инвесторы құрастыратын шағын трактордың 90 данасын сатып алуға келісім берді. Облыстың әрбір ауданына үш шағын трактордан сатып алынатын болса, Семей мен Өскемен қаласының әрбіреуіне жиырма трактордан сатып алынбақ
Зайсан ауданында іссапарда болған облыс әкімі осындай шешім қабылдады. 2015 жылдан бастап жұмыс жасай бастаған «Ертіс-ТЗ» ЖШС-ы шағын трактордың бөлшектерін Қытайдан сатып әкеліп, Зайсан ауданында құрастырады. Трактордың екі түрі шығарылады. Оның бірі қар тазалауға арналған коммуналды шаруашылық тракторлары болса, екіншісі - ауыл шаруашылық өнімдерін жинауға арналған қырық аттық күші бар шағын тракторлар.
Ал облыс өңірлеріне қар тазалайтын тракторлар сатып алынбақ.
- Облыста 17 аудан мен екі үлкен қала бар. Аудандардың әрбірі коммуналды тракторлардан үш дана, ал Семей мен Өскемен қаласы жиырма трактордан сатып алуы тиіс. Егер техника бір жыл бойы ойдағыдай қызмет көрсететін болса, ендігі жылы екі жүздей трактор сатып аламыз. Бірақ бір шартымыз бар. Зауыт басшысы дайындап отырған техникасына үш жыл кепілдік беруі керек, - деді Даниал Ахметов.
Ал қытайлық инвестор, «Ертіс-ТЗ» зауытының басшысы Ван Чансан болса, құрастырып отырған техникаларына үш жыл кепілдік беретіндігін әрі тәулік бойы қызмет көрсетуге дайын екендігін жеткізді.
Трактор сатып алуға келген Тарбағатай ауданының тұрғыны аймақ басшысына техниканың сапасы көңілден шығатындығын айтты.
- Мен Тарбағатай ауданы, Үштөбе ауылынан келіп отырмын. Ауылда мұндай трактордың он данасы бар. Ел-жұрт мақтаған соң, техниканы сатып алуға келіп отырмын, - дейді Тимур Жұмаділов.
Коммуналды шаруашылықпен айналысатын тракторлардың бағасы 4 млн теңге болса, қар тазалайтын күрегі 500 мың теңге тұрады. Ауыл шаруашылық жұмыстарына шегілетін трактордың бағасы 1 млн теңгеге, тіркемесі 500 мың теңгеге сатылуда.
Облыс басшысының айтуынша, бір Өскеменнің өзіне мұндай жүз шақты коммуналды трактор қажет екен. Бұған дейін Ресей мен Германиядан қымбат тракторлар сатып алынып жүрсе, ендігі кезекте өзіміздің жергілікті өндірушілердің техникалары сатып алынбақ.