Қазпошта жүк көлігінің барлық дүниесі Семей жолында шашырап қалды
Пошталық МАЗ автокөлігінің жүргізушісі көпір биіктігіне есептеуде қателік жіберіп алған
Алматы-Семей-Павлодар жолында тасымал жүргізіп келе жатқан пошта автокөлігі 8 қыркүйек күні ЖКО-ға ұшырады. Алып көліктің жүргізушісі жетек арбасы мен теміржол көпірінің биіктігін есептеп үлгермей қалған. Нәтижесінде жетек арбаның маңдайшасы көпірге соғылған.
Көпір астында тіреліп қалған жүк көлігі туралы бейне әлеуметтік желінің қызу талқысына түскен. Анықталғандай, 37 жасар жүргізуші Семейдің кей көпірлерінің астынан жүк көлігімен жүруге болмайтынынан бейхабар болып шықты. Жол мен көпір қабатының арасы не бары 3,5 метрді құрайды.
Кептеліп қалған жетек арбаны бірнеше сағаттан кейін алып шыққан.
- Апат орнына келген полиция қызметкерлері әкімшілік хаттама толтырды. Оқиға салдары анықталуда, - дейді Семей қалалық ІІБ.
Қазпошта қаншама дүние мүліктің жеткізілбегені туралы ақпарат ұсынған жоқ. Тек компанияның айтарлықтай шығынға ұшырағаны нақты.
Следующая →