Бос жатқан жерлер мемлекетке қайтарылады
Өскемендегі 19 шағын аудан қарамағындағы бірқатар жер телімдері 13 жыл бойы пайдаланылмай бос жатқан
Даниал Ахметов мұндай бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруға нұсқау берді.
ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметіне сүйенсек, шағын ауданның 30-дан астам учаскесіне инженерлік инфрақұрылым желісі тартылған. Ал жұмыстың құны 40 миллиард теңгені құраған әрі мемлекет қазынасынан алынған.
Бір қызығы, жұмыс аяқталған соң, жер телімдері жекеменшік кәсіпкерлердің қолына өтіп кеткен. Құрылысқа білек сыбана кіріскендері некен-саяқ. Небәрі 5 кәсіпкер. Облыс әкімі тапсырмасынан кейін бірден 3 жер телімі кері мемлекет меншігіне қайтарылды.
- Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жұмыстарына 40 млрд теңге бейберекет жұмсалған. Оның жемісін көріп жатқан ешкім жоқ. Біз шағын аудан салу үшін жаңа ресурстар іздеп жүрсек, мұнда үлкен жер учаскелері бос жатыр. Олардың орнына 20 көппәтерлі тұрғын үй салуға болатын еді, - деді Даниал Ахметов.
Аймақ басшысы жер телімдерін алған азаматтар құрылыс жүргізуге ниет білдірсе, құрылыс мерзімі, қаржылық мүмкіндігі баяндалған құжаттары мен жобалық-сметалық құжаттарын көрсетулері тиіс екендігін айтады. Әйтпесе, жер сот арқылы кері қайтарылатын болады.