Усть-Каменогорск
малооблачно
-13°
  • Усть-Каменогорск
    -13°
  • Алматы
    +2°
  • Нур-Султан (Астана)
    -6°
  • Актобе
    -2°
  • Форт-Шевченко
    +8°
  • Атырау
    +1°
  • Караганда
    -3°
  • Кокшетау
    -9°
  • Костанай
    -7°
  • Кызылорда
    +2°
  • Павлодар
    -11°
  • Петропавловск
    -9°
  • Тараз
    -3°
  • Уральск
    +1°
  • Шымкент
    +3°
$
498.34
519.72
¥
68.79
4.85
Курсы Национального Банка РК

Звоните, если вы стали очевидцем происшествия, ваши права нарушены, или хотите поднять проблему

Үш сыныптың ұршығы иіріле ме?..

Соңғы екі жыл ішінде Қазақстандағы оқу жүйесі тың өзгерістерге толып келеді. Бұл кімге тиімді, кімге қиындық тудыруда?

Ата-аналардың бір бөлігі бұл жаңашылдықтарға оң көзбен қараса, енді бір бөлігі балаларға артылған жүктің өз жасына сай еместігін алға тартады. 

Үштілділік, 12 жылдық, бес күндік оқу жүйесі деген жаңа атаулар біреудің зәре құтын алса, енді біріне сарқылмас білім көзіне ашылатын жаңа жол іспеттес. Бұл өзгерістер туралы әңгіме былтыр басталған еді. Биылғы жылы бұл өзгерістер тек тереңдетілуімен ғана шектеледі. Дегенмен, білімді игеруші бала - ол жаңа ақпараттарды әрқашан білуге, тануға дайын. Себебі жаңадан үйренетін дүниелерге жас адамның санасы әрқашан әзір. Бірақ, әбден пісіп-жетіліп, күнделікті  қызметін атқарып, қалыптасып болған ұстаздарға бұл қалай болады?

- Шығыс Қазақстан облысында 23 531 мұғалім мектепте сабақ береді, - дейді ШҚО Білім басқармасының басшысы Нұргелді Әбжапаров. - Олардың ішінде жартысына жуығы жоғары және бірінші санатты ұстаздар. Есеп тұрғысынан айтқанда - 11 277 ұстаз. Өзге облыстарға тән ұстаз тапшылығы біздің өңірде де бар. Облыста қазір 294 ұстаз жетіспейді.

Білім басқармасының деректеріне сүйенетін болсақ, облысымызда ағылшын тілі мұғалімдерінің жетіспеушілігі басым келеді. Сол сияқты физика және математикалық топтамадағы білім иелері жеткіліксіз. 2016-2017 жылдары жұмыспен қамту бағдарламасы бойынша 820 ұстаз қызметке орналасса, олардың 522-сі ауылдық жерде білім беру саласына аттанған. Ал 306 адам қалалық мектепетерден орын тепкен. Жалпы есептік көрсеткіштің тең жартысы, яғни, 400-ден астамы «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасқан. Дегенмен, бұл есеп-қисаптың айналасында мұғалімдерді қайта даярлау курстары бойынша біліктілікті арттыру жұмыстары да жүргізілген болатын. 

- 2017 жылы жаңартылған бағдарлама бойынша 5370 мұғалім біліктілігін арттырды, - дейді Нұргелді Әлханұлы. - Сол сияқты жыл соңына дейін 4000-нан астам ұстаз «Өрлеу» базасында, «Педагогигалық шеберлікті арттыру орталығында» арнайы курстардан өтті.

Ағымдағы жылы 2-ші, 5-7-сынып оқушылары Назарбаев Зияткерлік мектебінің тәжірибесі бойынша білім алуға көшеді. Тамыз кеңесі аясында мұғалімдердің секциялық отырысы өтіп, жаңа бағдарлама тиянақты түсіндірілетін болады. Бүгінгі таңда 2-5-7-сыныптарға сабақ беретін 3 мыңнан астам мұғалім экспресс-тренингтен өткен. Бұл тұрғыда біз қалалық мектеп мұғалімдеріне сауал қойып көрген едік. 

- Былтыр бірінші сынып мұғалімдері қайта даярлау курстарынан өткен. Биыл біз, жоғарғы сынып мұғалімдері де, жаңа бағдарлама бойынша дайындалдық. Мен география пәнінің мұғалімімін. Биыл жаңа кітаптар беріледі. Оның ішіндегі деректердің қандай болатынын әлі айта алмаймын. Себебі оқулықтарды әлі алған жоқпыз. Бірақ қайта даярлау курстарынан сабақтың өзгеше өтетінін түсіндік. Мысалы, бұрын география пәнінде әлем географиясы мен Қазақстан географиялары жеке-жеке зерттеліп, оқытылатын. Биыл ол жалпы түрде қаралады. Сол сияқты балалардың да білім алу жүйесінде тың өзгерістер бар. Енді олар ақпаратты өздері іздейді. Яғни, өз еркімен жұмыс істейтін болады. Айта кету керек, бағалау жүйесі де тоқсандық, балдық болып өзгертілді, - дейді аты-жөнін атамауды сұраған қала  мектебіндегі ұстаздардың бірі.

Жаңа бағдарлама бойынша оқитын 2-5-7-сынып оқушылары ресми түрде аптасына бес күн оқиды. Дегенмен, сенбі күні туралы сұрақ әлі нақтыланбай, екіұшты күйде тұр. Себебі, ата-аналар мен мұғалімдердің арасындағы бұл күні не арнайы дайындық өтеді, не оқу жүрмейді деген сұрақ айығар емес. 

- Бұл күн ата-аналардың өз қалауына байланысты, - дейді Нұргелді Әбжапаров. - Біреу мүмкін баласының көбірек білім нәрін алғанын қалайды. Арнайы үйірмелерге береді. Бұл сұрақ төңірегінде әлі нақты ақпарат келген жоқ. Дегенмен, егер сенбі күні сабақ болмаса, бұл күнге белгіленген сабақтар бес жұмыс күніне бөлінеді.

Жаңа оқу жылының ашылуына санаулы күндер ғана қалды. Білім басқармасының басшысы 25 тамыз күні барлық мектептердің арнайы оқулықтармен толық қамтамасыз етілетінін айтады. Жаңа оқу жылындағы жаңа бағдарламаның жемісі бола ма, жоқ па ол уақыт еншісінде.
Следующая →