Қазақстанда көкөніс қымбаттауда
Шығыс Қазақстан облысында картоптың келісі 260 теңгеге, ал орамжапырақ 280 теңгеге сатылуда
Республиканың кейбір өңірлерінде картоп бағасы 300 теңгеге, ал орамжапырақ бағасы 400 теңгеге дейін қымбаттап кеткен. Павлодарда сәбіз бағасы 200 теңгеге, ал орамжапырақ 270 теңгеге, картоп 250 теңгеге жеткен. Ал бұдан екі апта бұрын көкөніс бағасы төрт есе арзан болатын.
Қарағанды облысында 2016 жылы картопты 50 теңге сатып алуға болатын болса, биылғы жылы рекордтық бағаға ие болды - 400 теңге.
Саудагерлердің айтуынша, былтырғы бау-бақша өнімдері таусылып қалған, соған байланысты көкөніс бағасы да қымбаттаған. Өйткені ішкі нарықта бітіп қалған тауарды сырттан тасып әкелу керек. Шығыс Қазақстандағы көкөністер Қытайдан әкелініп жатса, еліміздің Батыс өңірлері Мысыр мен Әзірбайжаннан, Африкадан алып жатқанға ұқсайды.
Саудагерлер тұрғындардың көкөністерді бұрынғыдай көп көлемде сатып алмай, үнемшілдік танытып отырғанын айтады. Көкөніс бағасы тек жаңа бау-бақша өнімдері нарыққа шыққан уақытта ғана төмендейді деп күтілуде.
Авторы: Қымбат Слямбеков