Ораза - жанға азық, денге шипа
Бүгінгі таңда медицина саласы оразаны кей ауруларды емдеу тәсілі ретінде қолданады. Көптеген науқастар ораза арқылы емделуде
Әрине, оразаны денсаулыққа пайдалы екен деген ниетпен ұстамау керек. Бұл ең алдымен Алланың бұйрығы және оразаны Оның ризашылығы үшін ұстаған жөн. Ал оразаның денсаулыққа берер шипасы мен емін Алланың өзі бере жатар.
Ауыз бекіту адамның иммунитетін нығайтады. Қандағы ауруға қарсы тұратын ақ түйіршіктердің қасиетін он есеге жақсартады. Асқазан жарасының пайда болуының басты себебі болатын артық қышқылдың жиналуын тоқтатады. Ашығу кезінде кейбір тері аурулары жазылады. Әсіресе, асқазан мен ішек жұмысын толыққанды жақсартып, олардың белгілі бір уақыт аралығында тынығуына жағдай туады. Ашығудың адамның ішкі ағзаларға жиналатын майларды ерітуге септігі мол. Сондай-ақ бүйрек, бауыр, сусамыр, жүрек пен тамыр ауруларын емдейді.
Тәулік бойы тынбай жұмыс істейтін асқазан оразаның арқасында орта есеппен күніне төрт сағат тынығады екен. Есептесеңіз, асқазан отыз күн оразаның арқасында 120 сағат тынығады. Бұл - асқазан үшін үлкен жеңілдік. Осы аралықта асқазан өн бойындағы шлактардан, артық майлардан арылып, жаңа күш жинап үлгереді. Ал асқазанның тынымсыз жұмыс жасауы ағзаның шаршауына, ағзаның шаршауы өмір сүру жасының қысқаруына әкеледі.
Ас ішудің алдында және соңында бір шымшым тұз жеу - көңіл аударарлық нәрселердің бірі. Алла Елшісі (с.ғ.с.) Хазіреті Әлиге (р.а.) «Уа, Әли! Тамақты тұзбен бастап, тұзбен аяқта! Өйткені, тұз - жетпіс аурудың емі» деген.
Ирандық дәстүрлі медицина маманы, доктор Хусейн Равазаде табиғи тұздың микробты өлтіретін қасиетін сипаттайды. Ол «Тамақты ішерден бұрын аз мөлшерде табиғи тұз жеу - ауыз сілекейінде жиналып қалған асқазан микробтарының тез жойылуына себеп болады» деген. Дәрігерлердің пікірінше, тамақ ішер алдында тұз жеу ауыз қуысын микробтардан тазартып, оны асты қабылдауға дайындайды.
- Ауыз ашқан кезде бірден тамаққа бет қойған дұрыс емес. Бірінші кезекте құрмамен не өзге бір жеміспен ауыз ашып, аздаған жылы су ішіп, асқазанды алдағы тамаққа дайындауымыз керек. Су ішкен соң, 10-15 минуттай жүру қажет, намаз оқу керек. Бұл уақытта асқазан тамақ қабылдауға толықтай әзір болады, - дейді Халифа Алтай мешітінің наиб имамы Дәулет Қабидолдин.
Қымбат Слямбеков