Неге өндіріс орындарында жазатайым оқиғалар көп?
Облысымызда өндірістік жұмыс кезінде 2015 жылы 22 адам қаза тапса, 2016 жылы 19 адам, ал 2017 жылдың алғашқы бес айында 3 адам қайтыс болған
Өндіріс орындарында болған жазатайым оқиғалардың саны жыл сайын салыстырмалы түрде азайып отырғанымен, санақ деректері бәрібір де көңіл көншітпейді.
2016 жылы еңбек қауіпсіздігіне пысқырып та қарамаған 28 кәсіпорын, ал 2015 жылы 13 кәсіпорын жабылған. Еңбек инспекторларының мекемелер мен кәсіпорындарға жүргізген тексеруі барысында еңбек қауіпсіздігін ескермеген 1600 заңбұзушылық анықталған. Оларға 156 нұсқама беріліп, 90,9 млн теңге сомасында әкімшілік айыппұл салынған.
Облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бақытбек Қизатовтың айтуынша, Шығыс Қазақстан өндірістік аймақ болғандықтан, жазатайым оқиғалар көп болады.
- Облыс тұрғандарының көпшілігі ауыр өнеркәсіп, металлургия, тау-кен өнеркәсібі және машина жасау өндірісінде жұмыс жасайды. Өндірістік орындарда жазатайым оқиғалардың көп болатыны белгілі. Жазатайым оқиғалардың орын алу жағдайы бойынша облысымыз республика аймақтары арасында алтыншы орында тұр, - дейді Бақытбек Қизатов.
Облысымызда 2015 жылы 201 жазатайым оқиға болса, 2016 жылы 199 жазатайым оқиға, ал 2017 жылдың қаңтар-мамыр айларында 72 жазатайым оқиға орын алған. 2016 жылы жазатайым оқиғалардың салдарынан 216 адам зардап шеккен, оның ішінде 19 адам қаза тапса, 95 адам ауыр жарақат алған.
Жазатайым оқиғалардың көбі тау-кен өндірісі орындарында (56 адам жарақат алған), бюджеттік ұйымдар мен құрылыс мекемелерінде орын алады екен. Аталмыш саладағы жазатайым оқиғалар бүкіл облыстағы жазатайым оқиғалардың 61-65%-ын құрайды. Бюджеттік ұйымдардағы жазатайым оқиғалар жол-көлік оқиғаларының әсерінен орын алады.
- Егер жұмысшы мен жұмыс берушінің арасында толықтай қауіпсіздік шаралары жасалған болса, әрі ол толықтай орындалатын болса, кез келген жазатайым оқиғаның алдын алуға болады. Ешқандай зардап шегуші де, өлім жағдайы да орын алмайтын еді. Мәселен, облысымыздағы «Казцинк», ҮМЗ, ТМК тәрізді алып кәсіпорындар заманауи еңбек қауіпсіздігі технологияларын енгізу арқылы өндіріс оқиғаларын айтарлықтай азайта алды, - дейді Бақытбек Құрманбекұлы.
2016 жылдың алғашқы жартысында «КБК Стройремсервис» кәсіпорнында 1 адам, «Әлем жолдары» ЖШС - 1 адам, «Шығыстүстімет» кәсіпорнында 1 адам мерт болса, ҚР ҰҚК ШК 2017 әскери бөлімінде бір адам қайтыс болған. 2017 жылдың 3 маусымында «Шығыстүстімет» кәсіпорны шахтасында тағы бір адам қаза тапқан еді.
Өндіріс орындарындағы қайғылы жағдайлар, көбінесе, Өскемен, Семей, Риддер қалалары мен Зырян, Глубокое, Бородулиха аудандарында болады екен. 2016 жылы болған 199 жазатайым оқиғаның 64-і Өскеменде, 46-ы Семейде, 25-і Риддерде, 17-і Зырян ауданында орын алған.
Жұмыс жағдайындағы жазатайым оқиғалардың орын алуына зардап шегушілердің еңбек қауіпсіздігін сақтамауы мен жұмыс беруші ұйымның қажетті жұмыс жағдайын ұйымдастырмауы себеп болады екен. 2016 жылы орын алған жазатайым оқиғалардың 74-і зардап шегушінің абайсыздығынан, 66-ы жұмыс жағдайының дұрыс ұйымдастырылмауы, 15-і еңбек қауіпсіздігі тәсілдерінің дұрыс оқытылмауы, 15-і автожол қозғалысы ережелерінің бұзылуы салдарынан орын алған.
Еңбек инпекциясы өндіріс орындарындағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында оның жай-жапсарын тексеруге мықтап кіріскен. Жасырын өндірістік жарақаттану фактілерін болдырмау мақсатында облыстық прокуратураның бастамасымен 2016 жылғы 2 маусымда ШҚО Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы мен Ішкі істер Департаменті, төтенше жағдайлар Департаменті, Денсаулық сақтау басқармасы, ШҚО кәсіпкерлік қызметкерлерінің кәсіподағы арасындағы өзара ынтымақтастық Меморандумы жасалған.
- Қазір облыстағы жазатайым оқиғалардың барлығы біздің бақылауымызда, орын алған жағдайлардың 98%-ын біз білеміз. Облыс ауруханалары өндірістік жарақат салдарынан зардап шеккен адамдар жайында 2 тәуліктің ішінде бізге хабар беруі қажет. Ұсақ оқиғаларды кәсіпорындардың өздері арнайы комиссия құрып, себеп-салдарын тексеріп, артынан еңбек инспекциясына хабарлайды. Ал үлкен оқиғаларда еңбек инспекциясы ІІД-мен бірге тергеу жұмыстарын жүргізеді, - дейді Бақытбек Құрманбекұлы.
Қымбат Слямбеков