Азия чемпионаты: «Алтай» тағы да 4-орын алды
Өскемен қаласында талайдың тағатын тауысқан әйелдер клубы арасындағы Азия чемпионаты да аяқталды
Алғашқы аяқ алысын үлкен қателіктермен бастаған, алайда кейінгі айқастарында жеңіске жете білген «Алтай» командасы плей-офф кезеңіне, кейін жартылай финалға жетіп, өз жанкүйерлерін зор қуанышқа бөлеген еді.
Алайда ақтық айқастарда шалыс басып, қолы тиіп тұрған жеңістерден айырылып қалып жатты. 4 мыңнан астам адамды сыйғыза алатын Борис Александров атынадағы Спорт сарайы 25-31 мамыр аралығында адамдарға лық толып, жергілікті жанкүйер өз командасына қолдау көрсетті, ШҚО әкімі Даниал Ахметовтың өзі де ойынды тамашалауға келді.
Төрттік финалда вьетнамдық «Вьетин Банк» командасын 3:0 есебімен оңай жеңген «Алтай» волейболшылары жартылай финалда Жапонияның «Хисамицу Спрингс» командасымен кездесті. Былтыр да Азия чемпионатында чемпион атанған Жапония елі биыл да бәсекені бергісі келмеді. Халықтың қолдауынан күш алған «Алтай» мен көпжылдық тәжірибесі бар «Хисамицу Спрингс» арасындағы талас өте тартысты өтті. Алғашқы сетте жеңіске жеткен «Алтай» волейболшылары өзіне сенімді көрінді. Алайда «Алтайдың» қарқынын кейінгі екінші және үшінші сетте жапондықтар кері қайтара алды. Намысқа тырысқан «Алтай» қыздары төртінші сеттің жеңісін жапондықтардан жұлып алғанымен, тай-брейктегі ауыр айқаста небары екі ұпайға ғана жеңіліп қалды.
Финалдан есесі қағылған «Алтай» Қытайдың «Тяньцзинь Бохай Банк» клубымен үшінші орынға таласта, екі ойыншысы жарақат алған қазақстандық команда тағы да жеңіліс тапты.
Нәтижесінде «Алтай» командасы төртінші орынға, ал «Тяньцзинь Бохай Банк» командасы үшінші орынға жайғасты. Ал биылғы Азия Чемионатында Тайландтың «Суприм» командасы чемпион атанса, жапониялық « Хисамицу Сеяку Спрингс» 2-орынға жайғасты.
Айта кетейік, «Алтай» командасы 2016 жылғы Азия чемпионатында да 4-орын алған болатын. Өскеменде өткен Азия чемпионатына барлығы 8 команда қатысты, ал 2016 жылғы Азия чемпионатына 12 команда қатысқан еді.
Қымбат Слямбеков