9 қабатты үй пайдалануға берілді
Өскемен қаласы ЖМК ықшам ауданы Ілияс Есенберлина көшесі, 6 мекенжайында орналасқан 9 қабатты үйдің 13 пәтері қолданысқа берілді
Бұл аймақтағы тұрғын үй құрылысының өңірлік бағдарламасы аясында салынған бірінші баспана.
Баспана кілтін табыс етуге облыс басшысының орынбасары Қуат Тұмабаев, Қазақстанның «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова және мердігер компания өкілдері қатысты.
- 13 салымшыларымызға жаңа пәтер кілттерін табыс ету қуанышына Алматыдан келіп отырмыз. Қазіргі таңда тағы 34 салымшының төлемге қабілеттілігі бағалануда. Бір ай ішінде бұл зәулім үй толық қамтылады деген үміт бар, - дейді Ләззат Ибрагимова. - Облыс әкімдігімен құрылған өңірлік бағдарлама арқасында, жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат арқылы бүгінгі кілт тапсыру салтанатын өткізіп отырмыз.
Қазір 72 мың шығысқазақстандық пәтер жөндеу жұмыстарына, жаңа пәтерге ие болуға аталмыш банкте қаражат жинауда. Ал жаңа пәтерге ие болғандардың қатарында Ахмер кентіндегі балалар ауылының тәрбиеленушісі Ғалия Сүлейменова да бар. 2012 жылдан бастап Қазақстанның «Тұрғын үй жинақ банкі» АҚ және облыс әкімдігінің бастамасымен Ақсуат орта мектебі мен Статистика департаменті «Мейірім» бағдарламасы аясында тәрбиеленіп келген Ғалия Сүлейменова жаңа пәтерге қоныстанатын болды.
- Бүгінгі күн ерекше. Тағдырыма және өміріме көмек көрсетіп жатқан Статистика департаментінің басшысы Әлібек Алпысұлына және бүкіл ұжымға алғысымды айтамын. Сіздер сияқты үлгі тұтар азамат болғым келеді, - дейді Ғалия Сүлейменова.
Пәтер иесіне салтанатты марапат барысында демеушілік қолдаумен тұрмыстық техникалар сыйға тартылды. Салтанатты шарада салымшылар алғыстарын жеткізді.
Дос Сапар