Ана мен бала өлімін білім ғана жеңеді
ШҚО-да республиканың өзге облыстарынан салыстырмалы түрде ана-мен бала өлімінің жоғары екені белгілі. Баланың денсаулығы тікелей анасына қатысты
Алайда бұл жолда қос өмірдің денсаулығына медицина саласының да жауапкершілігі арта түседі.
Әрине, демографиялық мәселе оның түп тамыры болып табылатын халықтың денсаулығына тікелей байланысты. Дені сау халық болмаса, демографиялық өсім де жоқ. Облыс басшылығымен соңғы жылдары медицина саласына, оның ішінде ана мен бала денсаулығына үлкен ден қойылған. Атап айтқанда, қазір Өскемен қалалық Ана мен бала орталығының бүгінгі күйі айтарлықтай қанағаттанарлық. Ал бұл жағдай Семей қаласында қалай орын алуда?
Жүкті әйелдерге, босанатын әйелдер мен жаңа туған балаларға мамандандырылған көмек көрсететін Семей қалалық Перинаталды орталық 1981-1989 жылдары қолданысқа берілген. Қазір бұл жерде 200 төсектік орынды қамтитын стационарлық орталық екі корпустан тұрады.
- Бұл жердегі кейбір арнайы үстелдер 1984 жылғы. Сол сияқты жарықтандыру жүйесі де 1984 жылғы болып табылады. Бұл заманауи талаптарға жауап бермейтіні анық, - дейді мекеме қызметкерлері.
Облысымыздағы медицина саласының ана мен бала денсаулығына қатысты мамандары жыл сайын Еуропадан арнайы білім алып қайтады. Биылғы жылы Семей қаласынан дәл осылай 8 маман білім алуға аттанады. Әрине, шет елдердегі медицина мекемелері, құрылғылары заманауи талаптарға толықтай сай болғандықтан, білім сұрағына келгенде айырмашылық жоғары болып көрінеді.
- Қазір Өскемен қаласымен Семей қаласындағы орталықтардың үлкен айырмашылығын көріп отырмыз. Бұл жер көптеген жаңартылуларды талап етеді. Құрылғы мәселесін шешетініміз анық. Бірақ біріншіден жаңа құрылғылар орнатылатын бөлмелерге жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Құрылғылар жаңа болып, интерьерінің ескі болғаны жараспас, - дейді Даниал Ахметов. - Осыған дейін Өскемен қаласындағы Ана мен бала орталығында болғанмын. Қазір ол жерде бірқатар талаптар заманауи деңгейге сай келді. Ал бұл жерде біз мүлдем өзгеше жағдайды көріп отырмыз. Барлығының моральды түрде ескіргенін байқау үшін медицина маманы болып та қажет емес.
Шынымен өңір басшысы атап өткендей техника мен мекеменің ескілігі бірден білінеді. Даниал Кенжетайұлы айтып өткендей Ана мен бала орталығы сонымен қатар тек кең ауқымды профиль емес, жаңа инновациялық орталыққа айналуға тиісті.
- Ана мен бала орталығы сонымен қатар білім орталығына да айналуы керек. Бұл бізде жоқ. Сондықтан әлемдік талаптарға жауап бере алу үшін шет елдің, Еуропаның біліміне арқа сүйеуіміз керек. Құрылғылармен қамтамасыз етіліп, жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін міндетті түрде білім алатын үрдіс жүруі керек, - дейді Даниал Ахметов.
Жоғарыда аталып өткендей, біздің өңір ауру жағдайына байланысты ең нашар облыс қатарына жатамыз. Бұл аурулардың көпшілігі бала мен аналарға байланысты. Ал перинаталды өлімнің ең маңызды факторларына экстрогениталды патологиялық аурулар жатқызылады. Яғни, жүктілікке мүлдем қатысы жоқ аурулар. Сонымен қатар, әлемдік тәжірибе көрсеткендей перинаталды өлім себебіне қызметкерлердің жеткіліксіз мамандандырылуы, босану барысындағы кез-келген көмек, қолдау түрлерінің жеткіліксіздігі болып табылады.
- Қызметкерлер жаңа талаптарға сай білім алулары керек. Бұл білімді кейін олар өзге дәрігерлерге жеткізуге тиісті. Сонымен қатар, оқуға аттанатындар саны да айтарлықтай өсуге тиісті, - дейді өңір басшысы Даниал Кенжетайұлы.
Қазіргі таңда технологиялық құралдар жеткілікті. Тіпті, дамушы елдер қатарындағы Қазақстан үшін бұл әсте қолжетімді екені анық. Бірақ технологиялар жаңарған сайын, білім саласы да өзгеріске ұшырайтыны анық. Сондықтан қандай мамандық иесі болмасын, жаңашылдыққа бейімделуі керек. Бұл бейімделу үрдісі білімнен басталатынын айтпасақ та түсінікті.
Айдос Мырзахметов