Екі ойбайдың бір тобасы бар
«Осы күнде барлығын ақша билейді» деген біреуге ащы шындық, біреуге даналық, тіпті ереже біткен болып кеткені айқын
Ақша керек-ақ. Бірақ, ақшаның соңынан еремін деп иманды құрбан етуге болар ма? Мұнымен айтпағымыз не? Кейбір діни ғұрыптар өткізетін орындарда той өтеді дегенді естіген жұрт қалай түсінер еді.
- Діни ғимараттар ең алдымен жергілікті тұрғындардың бастамасымен салынады немесе діни бірлестік Дін істері басқармасына арыз жазу арқылы рұқсат ала отырып нысан тұрғызады, - дейді Дін істер басқармасының басшысы Бейбіт Әшімов. - Кей аудандарда мешіттердің жанынан қатымханалар салынып жатады. Ол мекемелер жаназа сынды ғұрыптарды өткізуге арналған. Кейбір жерлерде мұндай ғимараттарда той жасап жататын жағдайлар кездеседі. Осындай жағдайларда түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.
Өңір бойынша жеке меншік мешіттер жоқ. Барлық мешіттер тек ҚМДБ жергілікті жердегі филиалы болып тіркелген, ҚМБД жарғысы аясында қызмет жүргізеді және ҚМДБ-ға, оның өңір бойынша өкілдіктеріне бағынады. Бірақ жеке меншік қатымханалар мен намазханалардың бары белгілі.
- Қазіргі таңда қатымханалардың көпшілігі жеке кәсіпкерлердің меншігінде. Мешіт тарапынан олардың әрекеттеріне бақылау қоя алмаймыз, - дейді ҚМДБ-ның Өскемен аймақтық өкіл имамы Ермек Мұхатай. - Ал Өскемен өңіріне қарасты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының филиалы мешіттердің қарамағына өткен қатымханаларда ҚМДБ мешіт ережесіне сай той, думан шаралары өткізілген жоқ.
Әрине, халық қазіргі таңда той-шараларды мейрамханаларда өткізуге бейім. Сондықтан, жоғарыдағы жағдайлардың шалғай аудандарда орын алғаны түсінікті. Жеке меншік болсын, діни ғұрып өтетін орында ойын-сауық құру қай жағынан болсын қисынсыз-ақ.
Той дегенде ішкен асын жерге қоятын қазақта да соңғы жылдары өлім-жітімдегі шектен тыс ысырапшылық тақырыбы кең көтеріліп келеді. Қазіргі қоғам да «өлімнің той сипаты болмағанын» дұрыс санайтындар көптеп табылуда.
- Қазіргі таңда қатымханада той өткендігі туралы наразылық Өскемен өңірі өкілдігіне келіп түскен жоқ, - дейді Ермек Мұхатай. - Өткен жылы қыркүйек айында елімізде алғаш рет Өскемен өңірі ақсақалдарының І форумын өткізіп, бұл іске бастамашы болғанбыз. Діни рәсімдерде, ысырапшылдықты азайту мақсатында дастарханға қойылатын тағамдар тізімін бекітіп, ақсақалдар арқылы бұл іс ауылдарда кеңінен насихатталуда.
Облыстық Халифа Алтай атындағы мешіт қызметкерлерінің айтуынша, шектен тыс ысырапшылдықты халық та қолдамайды.
Халықтың науқандық дастархан мәзіріне тыйым сала алмаймыз. Тек ысырапшылдықты азайту туралы бастама көтердік. Біздің бұл бастамамызды халық бір ауыздан қолдап, іске асыра бастады, - дейді өкіл имам. - Біздің ұсыныстарымызға еліміздің түкпір-түкпірінде үн қосып, осының негізінде сол өңірде дастарханға қойылатын тағамдар тізімін бекітіп жатыр. Яғни, біздің өкілдіктің бастамасы республика бойынша зор қолдауға ие болды.
Қоғамдағы мұндай мәселелер үлкен жаңалық та емес болар. Қазақтың салт-дәстүрі, ырым-жырымдары мен әдет-ғұрыптарын санап бітпессің. Оны тегіс бір адамның білуі мүмкін емеске жақын болар. Дегенмен, кейбір ғұрыптарды ғұламалар да сынамап па еді? Ысырапшылық тақырыбы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» кітабында да кең түрде талқыланғаны белгілі.
Айдос Мырзамхетов