Бейнекамера үшін сыйақы берілмек
Көпқабатты үйлердегі бейнебақылау камераларын орнатқан компанияларға құрылғы көмегімен ашылған қылмыстық оқиғалар үшін ақы төленбек
Яғни, «Ұрлыққа тосқауыл!» жобасының аясында сыйақы тағайындау жүйесін енгізу арқылы бейнебақылау камераларын көбейту көзделген. Қылмыстық істі ашуға көмегі тиген камера иесіне өндірілген айыппұл сомасының белгілі бір пайызын беру жоспарланған.
- Жыл сайын елімізде төленген айыппұл мөлшері 40 млрд теңгеден асады. Осылайша «нөлдік төзімділік» қағидасы іске қосылады. «Қоғамдық тәртіпті сақтауға азаамттардың үлес қосуы туралы» заңда аталмыш механизм көзделгенімен, ол азаматтарға ғана қатысты. Оған заңды тұлғаларды да қосу керек, - деген болатын Бас прокуратура 2-департаментінің басшысы Құсайын Игембаев.
Бұған дейін ұлттық телекоммуникациялық оператор Қазақстандағы пәтер ұрлықтарының алдын алу жолдарын ұсынған болатын. Ол жоба «Бұлтты бейнебақылау» деп аталып, көпқабатты үйлердегі бейнекамералар жүйесін кеңейтуді көздейді.
ҚР Бас прокуратурасы басшысының орынбасары өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында әр екі минут сайын елімізде ұрлық жасалатындығын жазған еді.
- Бұл өте өзекті мәселе. Өйткені әр қайсымыз немесе біздің жақын адамдарымыз өмірінде бір рет болса да, осындай қылмыстың құрбаны болады. Статистикалық мәліметтер бойынша Қазақстандағы тіркелген барлық қылмыстық құқықбұзушылықтың 60%-ы ұрлыққа тиесілі, - деп жазды Нұрділда Ораз Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Айта кетсек, 2015 жылы елімізде 208 мың ұрлық оқиғасы тіркелсе, 2016 жылы 215 мыңға жеткен.
Прокуратураның ұсынған жобасы бойынша бұл үрдіске азаматтарды да, кәсіпкерлерді де тартып, заманауи технологияларды оңды қолдануды көздейді. Мұндай тәжірибе шетелде жақсы нәтиже көрсетіп отыр. Мәселен, Ұлыбританияның Shоreditch TV телеарнасы осы уақыт режімінде бақылау камераларынан бейнежазбаларды көрсетіп, соның арқасында күдікті қимыл байқаған кез келген телекөрермен полицияға хабарлай алады екен.
- Қазір біз заңнама мен техникалық стандарттарға өзгеріс енгізу бойынша жұмыстар жүргізіп, бейнебақылау камераларын орнатуды міндетті етпекпіз, - деп қосты ҚР Бас прокуратурасы басшысының орынбасары Нұрділдә Ораз. - Ал ұялы телефон ұрлығын азайту үшін Австралия тәжірибесін енгізу ұсынылды. Онда 2012 жылы мобильді операторлар IMEI-кодтар мен ұрланған ұялы телефондардың тізімін жасап, оларды бұғаттауды енгізген. Осының арқасында ұялы байланыс құралдарының ұрлығы едәуір азайған.
Азамат Нұрболатұлы