Наурыз мерекесі аталып өтті
Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы ең ежелгі мерекелердің бірі. Жыл басы Наурызды тойлау атадан қалыптасқан дәстүр бойынша жүзеге асады
Жезкент кентіндегі «Тополек» балабақшасы да бұл мерекені тойлаудан шет қалмады. Балабақшада мерекеге арналған ертеңгіліктер ұйымдастырылды. «Жыл басы – Наурыз» атты ертеңгілік «балдырған» тобында өтті. Топ бүлдіршіндері тәрбиешілері Зульфия Идрышевамен бірлесе отырып, Наурыз мерекесіндегі салт-дәстүрлерді алдын ала зерттеді.
- Біз«Жыл басы – Наурыз» ертеңгілігін «Алтын сақа» ертегісінің желісінде бастауды жөн санадық. Ең біріншіден, бұл балаларды ұжымдық жұмысқа үйетеді, жақсылық пен жамандықтың ара жігін көре білуге шақырады, - деп түсіндірді топ тәрбиешісі Зульфия Идрышева.
Сонымен қатар бүлдіршіндер баланы бесікке бөлеу салтын көрсетті. Бесік - нәрестені бөлеуге арналған, көшпелі халықтың тұрмысында аналар үшін қажетті, қолайлы жабдық (төсек). Баланы бесікке бөлеудің өз амал-тәсілдері, ырым-тыйымдары болады. «Балдырған» тобының бүлдіршіндері бесікті аластаудың маңыздылығын, оның жабдықтары мен олардың қажеттіліктерін, бесік жырын айтудаға пайдаларға тоқталды. Мұның барлығын жай ғана баяндап қоймай, көпшілікке түсінікті болу үшін сахналық көрініс ретінде көрсетті.
Ертеңгілік соңында балалар наурыз мерекесін қалай тойланатынын, жақсылық пен жамандықтың айырмашылығын түсініп, қазақтын бесікке бөлеу салтымен танысқандарын айтты.
«Тәрбие тал бесіктен басталады» демекші, саналы, әдет-ғұрыпты білетін, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін ұрпақты тәрбиелеу балабақша қабырғасынан басталады. Сондықтан еліміздің балабақшаларында салт-дәстүрге, төл мерекеге мейлінше көңіл бөлінетіні қуантады.