Туберкулез ауруының алдын алу жолдары
Туберкулез ауруына шалдыққан науқастар сөйлегенде, жөтелгенде, түшкіргенде немесе қақырық тастағанда қоршаған ортаны тірі бактериялармен ластайды.
Ауаны ластаған тірі туберкулез микробактериялары сау адамның ағзасына өтуі үшін осы ауамен аздап қана тыныс алудың өзі де жеткілікті.
Туберкулез таяқшалары жұққан адамдардың тек қана 10% пайызы туберкулез ауруына шалдығуы мүмкін екендігі дәлелденген. Туберкулез таяқшалары жұққан адамдардың қорғаныс жүйесі әлсіз болса, олардың туберкулез ауруына шалдығу қауіпі жоғарлайды. Жанасқан АИТВ және ТБ жұқпалары болған жағдайда ТБ ауруына шалдығу қауіпі 21-34 есе артады. Иммундық қорғанысты әлсірететін басқа да ауруларға шалдыққан адамдарда туберкулезбен ауыру қаупі жоғары болады. Мысалы, қант диабеті мен тамақтанудың басқа да бұзылыстары туберкулезбен ауыру қауіпін кез келген жаста арттырады. Темекі тарту туберкулезбен ауыру және оның салдарынан қайтыс болу қауіпін едәуір арттырады. ТБ ауруына шалдығудың 20 пайызынан астам жағдайы темекі тартумен байланысты екені белгілі.
Туберкулез - асқынған кезде соңы адам өліміне дейін соқтыруы мүмкін күрделі жұқпалы ауру. Туберкулез таяқшалары ағзада бала кезде немесе жасөспірім кездерінде пайда болады. Егер жақсы тамақтанып, жақсы күтініп және салауатты өмір салтын ұстанатын болса, онда адамның иммундық жүйесі туберкулездің тууына жол бермейді.
Туберкулездің негізгі жұғатын көзі туберкулез микробтарын тарататын науқас адам. Науқас адам сөйлегенде, жөтелгенде, түшкіргенде, ән айтқанда түкірікпен, қақырықпен әлденеше миллиард туберкулез микробтарын бөліп шығарады және олар 1,5 метрден 5 метрге дейін шашырайды, ең қауптісі ол ауада таралып, бір сағаттан көп уақыт сақталады. Науқас адамның жерге немесе еденге түкірген қақырығы бірте-бірте кебеді де, ақырында шаңға араласады, шаң ауаға көтеріледі, дем алған кезде сау адамның өкпесіне енеді. Одан басқа аурудың ыдыс-аяғы, киім-кешегінен, кір қолынан және сүйіскен кезде жұғады. Сол сияқты туберкулезбен ауыратын үй жануарлары да: сиыр, түйе, доңыз туберкулез ауруын таратады. Туберкулезбен ауыратын малдың сүтін шикілей ішкенде немесе тауықтың жұмыртқасын пісірмей жегенде жұғады.
Туберкулездің белгілері: әлсіздік, тез шаршау, асқа зауқы соқпау, жүдеу, 2 аптадан аса жөтеліп жүру, түнде немесе ұйқыдан оянған кезде терлеу, дене қызуының 37 градустан жоғары көтерілуі, түстен кейінгі мезгілде бейжай болуы. Осындай белгілер білінсе міндетті түрде терапевт-дәрігерге көрініп қақырықты үш күн қатарынан үш рет “Кох таяқшасына” тексеру керек.
К. Қаирдолдина,
Катонқарағай ауданаралық ауруханасының
дәрігер-фтизиатры