Қазақстан Қытай мен Ресейді теміржолмен байланыстырмақ
ҚХР және РФ халықаралық экономикалық-көлік байланысын нығайту мақсатында Шар-Майқапшағай бағытында теміржол салынатын болады
– Бұл жобаны жүзеге асыру өнімдерді нарыққа саудаға шығаруға, шекаралық аймақты, жолдар өтетін аймақтың өндірісін, өнеркәсібін, ауылшаруашылығын дамытуға көмектеседі. Сол арқылы жергілікті халықтың жұмыспен қамтылу да реттеледі, - деді «ШҚО мемлекеттік-жеке кәсіпкерлік аймақтық орталығы» басқармасының төрағасы Шәкәрім Бұқтұғұтов.
Жоба концессиясы (мемлекеттің өз өндіріс орнын, пайдалы кендерін, жерін адамдарға, бірлестіктерге және де басқа мемлекетке пайдалану үшін арнаулы мерзімге жалға беру шарты) шамамен 30 жылға жоспарланып отыр.
Шар-Майқапшағай бағытындағы теміржолдың ұзындығы 461,4 шақырымды құрамақ. Ал бұл жобаны жүзеге асыру шамамен 396,3 млрд теңге сомасына жоспарланып отыр.
– Бұл теміржолдың құрылысына барлық құзыретті органдар келісімдерін беріп отыр. Тек республикалық мемлекеттік экспертиза комитетінің сараптамасын алу қалды, - деп атап өтті Шәкәрім Бұқтұғұтов.
Сонымен қатар басқарма басшысы Қытай мемлекеті өздерінің 13-ші бесжылдық жоспарларына Алтайдан Майқапшағайға дейін теміржол жолдарын салуды енгізгендігін хабарлады.
– Ресей мемлекеті үшін де, Қытай мемлекеті үшін де тауарларды бір-біріне тасымалдау кезінде бірнеше станцияны айналып жүргеннен гөрі тікелей жүру тиімді, - деді ол.
Теміржолдардың құрылысына қатысты жобалық-сметалық құжаттар жылдың ортасына дейін дайын болса, екінші жарты жылдықта инвесторлар анықталатын болады.
Ерке Биғазина