Ішімдік ішкен жүргізушілер көп
Өскемен қаласының бір өзінде Қызылорда облысындағыдан артық әкімшілік іс қаралады
3 жыл бұрын облыс орталығында ғана 16 мың іс қаралған. Былтыр 10200 іс түсіп, 9 943-і әкімшілік сотпен қаралған. Биыл Өскемен қалалық мамандандырылған әкімшілік соты 8 840 іс қараған. Бұл туралы Өскемен қалалық мамандандырылған әкімшілік сотының төрағасы Сайран Ибраев 9 айлық қорытынды есебі барысында мәлімдеді.
- Әкімшілік жазаның күшейтілгеніне қарамастан, азаматтар мас күйінде көлік жүргізуді азайтпағаны қайран қалдырады, - дейді төраға. - Биылғы 9 айлық көрсеткіш былтырғы жылдан асып түсті. 2016 жылы мұндай 719 іс, ал ағымдағы жылы 735 іс қаралды.
Дегенмен, азайған кейбір істі атауға да болады. Мысалы, қарсы жолаққа шығып кету бойынша - 368 іс, ал ағымдағы жылы 341 іс қаралған. Сол сияқты бірқатар әкімшілік іс саны да азая түскен.
- Жақсы жаңалықтардың бірі ретінде отбасылық-тұрмыстық қайшылықтың азайғанын айтуға болады. Былтыр мұндай 1380 іс қаралса, биылғы көрсеткіш тек 1027-ге жетті, - дейді Сайран Ибраев. - Сол сияқты екі жақтың татуласуына орай 680 іс тоқтатылған.
Есеп беру жиыны барысында сот төрағасы әкімшілік заңнамадағы қаралып жатқан өзгерістер туралы, сот жұмысының болашақтағы жұмысы туралы баяндап өтті.