Кассалық аппараты жоқ таксишілер жаппай жазалануда
Салықшылар заңды түрде тіркелмей, адам тасыған жүргізушілерге қарсы шаралар қолданып жатыр
Фото:
taxi.kz
Көліктерінде кассалық аппарат пен таксометрлері жоқ такси жүргізушілеріне айыппұл салынуда, деп хабарлайды «КТК телеарнасының сайты».
Жол-жөнекей машинасына кісі отырғызғандар да жазадан қашып құтыла алмайды. Барлығын салық төлеуге мәжбүрлеп жатқандар «ЭКСПО» қарсаңында бас қаланы заңсыз нәпақа табатын таксишілерден тазартпақ ойда.
Астананың жол сақшылары таңнан бері таксишілерді осылай тоқтатып жатыр. Бірақ, бұл жолы оларға полицейлер емес, салықшылар шүйлігуде. Өйткені, Елордада салықтан жалтарып заңсыз жолаушы тасымалдайтындар көбейген.
-Кассалық апаратыңыз қайда?
-Әзірге жоқ, бірақ жақында саламыз.
Бірақ, заң өкілдері әй-шайға қараған жоқ. Ал, әншейінде кассалық аппаратсыз-ақ емін-еркін жүрген таксишілер мұндай ережені салықшылардан естіп аң-таң. Заң бойынша, олар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, көлігінде кассалық аппараттан бөлек, таксометр және банк картасымен төлем қабылдау үшін терминал болуы тиіс екен. Әйтпесе, 30 мың теңге айыппұл арқалайды.
Айжан Мұрзахметова, Астана қалалық Мемлекеттік кіріс департаментінің бөлім жетекшісі:
-Бұған дейін осындай 12 такси жүргізушісіне айыппұл салдық. Қазір олар тіркеліп, заң бойынша жұмыс істеп істеп жатыр. Негізінен жүргізушілер бір айда тапқан табысының 2 пайызын салық ретінде бюджетке төлеуі тиіс.
Елордада таксишілермен қоса, жолшыбай кісі тасып ақша табатын да күрес жарияланған. Оларда кәсіпкер ретінде тіркеліп, бюджетке салық төлеуі тиіс екен.
-Негізі, Астанадағы жүргізушілердің басым бөлігі келісілген ақысына адам таситыны жасырын емес. Тіпті, қол көтерсеңіз болды, көшенің ортасына да тоқтап, алып кетуге дайын.
-Сол жағалауға дейін 500!
-Отырыңыз.
Құны кәдімгі таксилерден арзанырақ мұндай жолшыбай жүргізушілерге салық төлетудің қиынға соғатын жөні бар. Өйткені, олар қасындағы «клиентін» туысым деп ақтала кетеді екен. Әрі оның адам тасып ақша тапқанын дәлелдеу мүмкін емес. Ал «ЭКСПО» кезінде, бұлардың бірде-бірі Астана көшелерінде емін-еркін жүре алмайды . Себебі салықшылар халыққа көрсетілетін қызметтің бәрі «кәсіпкерлікке» жатады деп отыр.