Еңбек өтілін сотта дәлелдейді
Зейнетақы жүйесіне енгізілген өзгерістер аясында зейнетақы жарнасы дұрыс аударылмай, еңбек өтілі дұрыс есептелмеген тұлғалар сотқа жүгіне алады
2018 жылдың 1 шілдесінен бастап, ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50%-ы көлемінде тағайындалып келген базалық зейнетақы еңбек өтіліне қарай есептеле бастады. Бұл ретте кей жұмыс берушілердің төлемді дер кезінде аудармай немесе бірнеше айды қосып, бір рет төлем жасағандары анықталды.
- Жылына екі рет жасалған төлем зейнетақы жүйесінде екі айлық еңбек өтілі болып саналады. Сонымен қатар, 1 айға бірнеше міндетті зейнетақы жарналары төленген болса, 1 ай еңбек өтіліне есепке алынатын болады. Бұл заңда көрсетілген, сондықтан адамдар еңбек кітапшасындағы жазбалармен сот арқылы еңбек өтілін дәлелдеуі қажет, - дейді Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің ШҚО бойынша департаментінің басшысы Болат Сәтеков.
Сонымен бірге, департамент басшысы жеке қожалықтардың зейнетақы жарналары туралы пікір білдірді.
- Арнайы салық режімін қолданатын агенттер, шаруа қожалықтары немесе фермерлер міндетті зейнетақы жарналарын Мемлекеттік корпорацияға Салық кодексінде белгіленген тәртіппен және мерзімдерде МТ-102 форматындағы бір төлем тапсырмасымен міндетті зейнетақы жарналары төленетін кезеңдерді (ай/айлар, жыл) көрсете отырып аударады, - дейді Болат Сәтеков.
Айта кетейік, міндетті зейнетақы жарналарын төлеу кезінде кеткен қателіктерді, атап айтсақ, міндетті зейнетақы жарналары төленген кезеңдер көрсетілмеген жағдайда) ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің 8-бабына сәйкес, міндетті зейнетақы жарналарының төлену кезеңін сот арқылы растау қажет.